ШЫМКЕНТ СӘУЛЕТІ ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒА ТҮСПЕК

Шымкент қаласының сәулеті жаңа ғимараттармен толығып келе жатқаны белгілі. Жыл өткен сайын үшінші мегаполисте заманауи материалдық-техникалық мүмкіндікке ие әлеуметтік нысандар саны да арта түсуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Тарқата айтсақ, қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, 2023 жылға ауқымды жоспар құрылған. Соған сәйкес, бюджет есебінен әлеуметтік салада 19 нысанның құрылысы жоспарланып отыр.

Оның ішінде білім саласында 7, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында 1 нысаннан, ал спорт саласында 4 нысан бой көтермек. Атап айтқанда, үшінші мегаполистегі №8, №65, №45 мектептерге қосымша ғимараттар, №4 өнер мектебі, әкімшілік-іскерлік орталықта және Тұран шағынауданында бір-бірден оқушылар сарайы және №10 колледжге қосымша ғимарат салынбақ. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан 6 нысан жыл соңына дейін аяқталады. Ал 1 нысан 2024 жылға өтпелі. Ол – Тұран шағынауданындағы оқушылар сарайы, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Мәдениет саласында Конгресс-холл мен 4 спорт нысанының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Олар – «Металлург» стадионын қайта құру, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат, Бозарық шағынауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы мен медициналық колледждің спорт залы. Сонымен қатар төтенше жағдайлар саласында 3 нысан салу жоспарланып, екеуі биыл пайдалануға берілуі тиіс. Олар – әкімшілік-іскерлік орталықтағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы, Түркістан көшесіндегі 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы. Ал Сайрам шағынауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Қалалық құрылыс басқармасы Шымсити шағынауданындағы 2 саябақ, Қазыбек би көшесінде стационар құрылысы және Ақтас шағынауданынан ит және мысықтарды уақытша ұстау нысанының құрылысын жоспарлап отырғанын да айрықша айта кету керек.