ОТЫРАРЛЫҚ КӘСІПКЕР ТҮЙЕҚҰС ӨСІРІП, ПАЙДАҒА КЕНЕЛІП ОТЫР

Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына айрықша назар аударылып отыр. Өйткені әлеуметтің әлеуетін көтеру мен жұмыс орындарын ашуда аталған саланың салмағы басым. Қазіргі таңда Түркістан облысында кәсіп бастап, өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып отырған жандар жетерлік. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн көріп отырмыз.

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов аудан халқымен кездесулерінде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда Отырар ауданында шағын орта бизнес саласында 12 шағын өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Соның ішінде шұбат өндіру бойынша 4 кәсіпорын, сүт және ет өндіру ісі бойынша 1, тары өндіру бойынша 3, жүгері өндіру бойынша 2, құс шаруашылығы бойынша 2 және пластиктен есік терезе өндіру мен үй жиһаздарын өндіру кәсіпорындары тіркелген.
Бүгінде отырарлық 65 жастағы зейнеткер Әлзақ Ерімбетов екі жылдан бері түйеқұс асырау ісімен айналысып келеді. Бұған дейін тауық пен тауыс асырап тәжірибе жинаған кәсіпкерге түйеқұс өсіру қиындық тудырмаған. Құс шаруашылығын жақсы меңгеріп алған зейнеткер «Африка мен Австралиядан әкелінген түйеқұстар Отырар ауданының климатына да тез бейімделіп кетті. Бұған дейін африкалық 4 балапанның әрқайсысын 100 мың теңгеден, австралиялық балапанды 70 мыңнан сатып алдым. Бүгінде сол балапандарды көбейтіп, жемісін көріп отырмын» дейді. Кәсіпкердің айтуынша, түйеқұс өсіруден түсетін пайда көп. Оның терісі, тұяғы, тұмсығы әсіресе еті нарықта үлкен сұранысқа ие. Өйткені етінің құрамында май мен холестерин аз болғандықтан өте өтімді. Бойы 2-3 метр келетін аталығы 100-150 кг дейін ет берсе, салмағы 3-3,5 кг келетін жұмыртқасының біреуін қуырып, 10-12 адамды тамақтандыруға болады. Бір маусымда 120 жұмыртқа табатын түйеқұстар табиғи жем шөбі, күтімі болса 80-100 жыл өмір сүреді.