ТҮРКІСТАН: ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕЙТІН ОРЫНДАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктер 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап заңдастырыла бастайды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев мәлім етті.

Оның айтуынша, шетелдік көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге көлемінде мемлекеттік төлемдерді төлейді. Шетелдік көліктерді тіркеу облыс бойынша 5 мамандандырылған ХҚО-да, яғни Түркістан қаласында, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жүргізіледі. «Елімізде шетелдік көлікті заңдастыру үшін көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Сондай-ақ іздеуде болмауы қажет және өзге мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс. Сонымен қатар көлік кедендік тазартудан өтуі міндетті. Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерден әкелінген көліктер өтпейді. Олар — Армения, Беларусия, Ресей Федерациясы. Алайда Қырғыз Республикасынан әкелінген автомобильдер бойынша кедендік тазарту төлемдерінің айырмасын төлеу қажет. Шетелдік көліктерді тіркеу жұмыстары 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады» деді Бағланбек Есембекұлы.
Брифингке қатысқан Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбековтің айтуынша, алғашқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды. «Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы мамандандырылған ХҚО-ға беруге болады. Онда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды. Азаматтар шетелдік көліктерін тіркеу үшін 4 құжатты ұсынуы қажет. Олар – өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті мамандандырылған ХҚО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады» деді Алмас Мамбетханұлы.