ТҮРКІСТАНДА 250-ДЕН АСТАМ ІРІ НЫСАН САЛЫНҒАН

Түркістан облысы құрылғалы облыс орталығында жалпы құны 445 млрд теңгеге 257 жаңа нысан салынып, жобалар жүзеге асты. Оның ішінде халықаралық әуежай, мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталықтардағы нысандар салынып, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Өнеркәсіптік аймақтардағы инфрақұрылым құрылыстары жүргізілді.

Түркістан қаласына жаңа магистральды су құбырлары жүргізіліп, қала толық газдандырылды. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мәлімдеді. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылыстарын жүргізу, Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы сияқты ірі жобалар қарастырылған. Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылын жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталығын салу жоспарлануда. «Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жалғастырылады, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандары қалпына келтіріледі. Арнайы экономикалық аймаққа кіретін индустриялық аймақтың инженерлік жүйелерінің құрылысы аяқталады. Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Облысымызда 2 миллионнан астам адам тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде әлеуметтік саладағы бастамалардың әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкелетінін айтып өтті. Жалпы 2022 жылы 349 бюджеттік инвестиялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Жыл қорытындысымен 107 нысан пайдалануға тапсырылады, қалғандары келесі жылға өтпелі» деді Арман Жетпісбай.
Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2022 жылы 855 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып, жоспар өткен жылмен салыстырғанда 136,7%-ға орындалды. Бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд теңге бөлініп, аталған қаржыға 129 үй немесе 8 мыңға жуық пәтер салынуда. Оның ішінде 6979 пәтер – әлеуметтік-кредиттік. 949 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына және көпбалалы отбасыларға арналған, жыл қорытындысымен 60 тұрғын үй пайдалануға берілді. Білім саласында жалпы құны 20,9 млрд теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 22-і пайдалануға тапсырылды. Қалғаны 2023 жылға өтпелі. Бүгінде мемлекет мектеп тапшылығы мәселесін шешуге ерекше күш салуда. Соңғы жылдары Түркістан облысында 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қосымша 60-тан астам мектеп құрылысы қарастырылған. Денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд теңгеге 20 нысан іске асырылуда, жыл қорытындысымен 4-еуі пайдалануға тапсырылды. Әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын салу және реконструкциялау 1 нысан құрылысына 2,3 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы қолданысқа беріледі. Ал мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд теңге бөлінген. Оның барлығы 2023 жылға өтпелі. Туризм саласында 2 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарда, «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелері келесі жылға өтпелі. Ауыл шаруашылығы саласында 2,5 млрд теңгеге 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нысандар 2023 жылға өтпелі.