ТАҒДЫРДЫҢ ТӘЛКЕГІ МЕ ӘЛДЕ ҚАСКӨЙДІҢ ҚИЯНАТЫ МА?

Шымқалада бір сыйлас ағам бар еді. Қатардағы біреу емес, қазақ қоғамының саяси әрі рухани белсендісі болатын. Аты-жөні – Мұхтар Дауылқожаұлы Мұхамбетжан.

Ең есімде қалғаны: Мұхтар ағамыздың «Жаңаөзеннен кейін Тәуелсіздік медалін таға алмаймын» деп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына берілген мерейтойлық медальдан бас тартып, облыстық әкімшіліктің Наградалармен марапаттау бөліміне апарып тапсырып тұрып, айтқан мынадай марқасқа сөздері еді: «Мен «Мені осы наградаға ұсынғандардан алдымен кешірім сұраймын. Үкімет әскерлері отандастарымды Тәуелсіздік күні атып өлтіріп жатқанда, дәл сол күні бұл биліктен медаль алуға – менің ар-ұятым жібермейді. Бостандығым мен өмірімді бәйгеге тігіп, Қазақ жастарының Тәуелсіз одағын (ондаған мың адамдық) құрған жан ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығында шеттен келген басқыншылар емес, қазақ полициясы қазақ азаматтарына оқ атқаны – ашу-ызама тиді. Мен бұл ісіме қатысты өмірімде билік тарапынан ұйымдастырылатын келеңсіз жайттар боларын сеземін, бірақ өз билігі масқаралаған елдің азаматы ретінде, қазақтың баласы ретінде мен бұл награданы мақтанышпен тағып жүре алмаймын» – деп, желтоқсанның 21-і күні медальді қайтарып бердім… Расын айтайын, бірден батылым жетпей, төрт-бес күн ойландым, менің бала-шағам, ұл-қыздарым бар. Бірақ енді адамда «ұждан» деген бар, «ұлттық қасиет» деген бар, ойлана келіп ақырында шешіп, үндеуді, медаль екеуін өткіздім, сөйтіп медальдан құтылдым. Медальді қайтарғаннан кейін әкімшілік бірнеше рет шақырды, бірақ мен бармадым. Мен ананың баласынан айрылып жылаған қайғысының қалай болатынын, бейбіт күнде жақынын жоғалтудың қандай қасірет екенін жақсы білемін. Өйткені өзім ауған соғысына қатысып, екі рет контузия алып, бір рет аяғымнан жараланған, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанмын. Ауған соғысынан 1986 жылы оралып, 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақ жастарының Тәуелсіз одағын құрып, ел тәуелсіздігі үшін күрес жүргіздім. Одақтың жарғысында «Қазақстан тәуелсіздігін алған күні жұмысымызды тоқтатамыз» деп жазған едік, дәл солай етіп, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсанында жұмысымызды тоқтаттық…».
Кейінірек мамандығы инженер бола тұра, «Ел бірлігі» қоғамдық қорын құрып, «Ел бірлігі» аталатын тәуелсіз газетін шығарған Мұхтар Мұхамбетжан бірде қазақ пен өзбектің достығын көпке үлгі етіп: «Қазақ пен өзбек халықтары – бір халық, бір ұлт. Жай ғана, бір халықтың көшпенді өмір салтын ұстанған жартысы мен отырықшы өмір салтын ұстанған жартысы. Қазақтың да, өзбектің де сүйегін құрап отырған бөліктер біреу, демек өзіміздің қоңырат-найман, арғын-қыпшақ, қаңлы, жалайырлар, алшын, сіргелілер…» деген екен.
Иә, қазақ жастарының Тәуелсіз Одағын құрып, «Бізді тәуелсіздік рухы біріктірді» деген Мұхтар Дауылқожаұлының келесі бір кезекте: «Неге біз, қазақтар, өз жерімізде тұрып қазақша жазбаймыз, оқымаймыз? Міне, осы мәселені көтеріп, 1987 жылдан бастап, оқу орнындағы барлық үгіт және көрнекі құралдарының жартысы қазақша жазылсын деген талап қойдық. Әрине, мені жақтырмағандар, жолдан тайдырғысы келгендер болды. Бірақ мен сол кезде облыстағы «Қызыл жұлдыз» орденінің жалғыз кавалері едім. «Үкіметке қарсы» дейін десе, кеудемде орденім тұр. Қалай соғыс батыры өз үкіметіне қарсы болады? Осылайша майданда алған орденім саяси күресте өз көмегін тигізді. «Жасасын Тәуелсіз Қазақ Республикасы», «Біз – Желтоқсанның жалғасымыз», «Біз Одақтан бөлініп шығуымыз керек» деген ұрандарымызды жазып, 1989 жылы құрылтай өткіздік. Қазір Шымкентте «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші мен оның атында көше бар. Ол да — тәуелсіздік батырына деген құрмет. Сол кездегі қаланың басшысы Қуаныш Төлеметов қолғабыс жасап, қалалық кеңестің әр мүшесімен жұмыс істеп, көздерін жеткізіп, қалалық кеңестің шешімімен көшеге Қайрат Рысқұлбековтың аты берілді. Кейін біз елден қомақты ақша жинадық. Сол қаржыға Қайраттың бюстін орнаттық. Мемлекет дегеніміз – бір-біріне көмекке келуге әзір, бірін-бірін қолдауға дайын, ұйымшыл азаматтар. Отбасын, ұрпағын ойлайтын, қорғайтын азаматтардың мемлекеті. Ендеше, кейінгі ұрпақты рухы мықты етіп тәрбиелеуіміз керек! Ұлтшыл, ұйымшыл, патриот етіп, білім беруге тиіспіз. Сонда ғана Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі дами береді!» – деген жалынды сөздері есімізде қалды.
Арагідік қоғам белсендісі Мұхтар Дауылқожаұлы Мұхамбетжан ағамыздың қайсыбір қайсар ойлары мен түйдек-түйдек түйіндері жадымызда жаңғырады:
«…Саясатта осынша жыл жүрдім, жұрттың бәрі біледі, өңірде ұлтаралық қақтығыстар, әлеуметтік шиеленістер туа қалса, тараптарды мәмілеге шақырып, ортақ шешімін табуда облыс әкімі сол жерге, ең алдымен, мені жіберетін. Қайнаған оқиғаның ортасынан табылып, жасымен де, жасамысымен де мен тілдесетінмін…»
*****
«…Сайрам ауданындағы өзге ұлттың өкілдері төлқұжатында қазақ болып жазылғысы кеп жүр екен. Алайда заңға томпақтау келетін көрінеді. Соны бір аптада шешіп бердік. Бұл ретте облыстық соттағы азаматтар мен ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің тікелей көмегін атап өткен жөн. Қазір қазақ болуды қалаған адам соттың шешімімен тиісті құжатын алып жатыр. Біз кейде ренжиміз «Өзбекстандағы қазақтарды жеке куәлігінде «өзбек» деп жазып жіберген. Неліктен біз де Қазақстандағы өзбектерді «қазақ» атандырмаймыз» деп. Бұл дұрыс көзқарас емес. Негізі, Қашқадария, Сурхандария, Бұхара, Самархан, Жызақ облыстарының барлығында өңкей қоңырат, найман, қыпшақ, қаңлылар тұрады. Сол рулар мұнда да бар. Бір замандарда бөлді, өзбек һәм қазақ деп. Бірақ біз – бір елміз. Ең бастысы, руын білуі керек, егер руын білмесе, ол өзбек те, қазақ та емес. Сол себепті, Өзбекстандағы – 30 миллион, Қазақстандағы – 700 мың өзбектің «қазақ» болуға құқы бар деп ойлаймын…»
*****
«…Біз бірінші орынға ақшаны қойдық. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген мақалды ұран еттік. Ата-бабаларымыздың қандай ұстаныммен өмір сүргенін ұмытып кеттік. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген елдің баласы едік, ендігі ұранымыз – есектің артын жуу болды… Есім хан мен Тәуке ханның тұсында социализм болып па? Көшпелі жағдайдағы капитализмді бастан кешірдік. Сол кезде «есектің артын жуған» жоқпыз ғой. Енді мына капиталистік заманда неге ұлттық болмыс бітімімізді өзгертіп, дәстүрімізден жаңылып, дінімізді, жүрегімізді басқа арнаға бұруымыз керек? Жанталасып дүние жиюға ұмтылғандардың көңілінде тыныштық болмайды. Қанағаттан айырылады, бақыттың не екенін түсінбейді. Бақыты «ақша» деп пайымдайды, ал ақшада шек жоқ. Сондықтан ақшаны пір тұтқан адам да, ел де бақытты болмайды. Өйткені жүрегін ақшаға байлағандардың оңғанын көрген жоқпыз… Қазақ ешқашан қызылды-жасылды дүниені бірінші орынға қоймаған! Рух пен арды бүкіл құндылықтан биік қойған. Сондықтан әдепкіде-ақ ақшаны бірінші орынға қою арқылы біз Ібілісті төрге оздырдық. Ал Арды бірінші орынға қойғаның – Алланы бірінші орынға қойғаның. Мұны терең түйсінуге әлі де кеш емес…»
*****
«…Оңтүстік рухани орда ғой. Қ.А.Ясауи, Арыстанбаб, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Үкаш ата, Ысқақ бап – бәрі-бәрі осында…»
*****
«…Біз орыс рухани дүниесінен бөлінбесек, ешқашан ел болмаймыз. Латыншаның өзімізге қолайлы нұсқасы ертелі-кеш табылар, бірақ қарап отырмай, бастайық!»
*****
«…Құдай бізге мүмкіндік берді, тәуелсіз мемлекет құрып, қазақ ретінде өмір сүруге. Соны пайдаланайық! БАҚ – өте үлкен күш. Елдің санасын өзгерте аласың. Сондықтан БАҚ-ты ұлттың, қоғамның, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істету – парыз. Өкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір – ақпарат құралдары. Ал БАҚ-тың басшысы – саяси тұлға…»
*****
Осыншалықты орасан ой, түпкілікті тұжырымдар жазып жүрген белсенді адам – белгісіз жағдайда кенет араласу аймағынан шығып кетсе, әрине, көңіліңе алаң кіреді екен… Құдай бетін әрмен қылсын, кешегі қытай індеті де талай арыстарымызды алып кетті… Әрқалай әпербақан ойлар де келді, жасыратыны жоқ…
Сөйтсек, Мұхтар Дауылқожаұлы Мұхамбетжан ағамызға қара жағып, жала жапқан ба әлде артына түсіп, аяғын шалған ба, әйтеуір «2019 жылдың сәуірінен бастап, 2026 жылдың желтоқсанына дейін қапасқа қамап тастапты…» деп естідік, ұзынқұлақтан… Бәсе, батыл да белсенді, білімді де білгір азаматтың айдың күнінің аманында адасып кетуі – миға сыймайтын әрекет, ақыл қабылдамайтын қисын еді… Анығында бұл не, тағдырдың тәлкегі ме, әлде, қаскөйдің қиянаты ма?..
ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА, ТАР ҚАПАСТА ТЕПЕРІШ КӨРГЕН ҚАНДАС АҒАМЫЗҒА ЖӘРДЕМДЕСУДІҢ ҚАМЫН ҚЫЛУЫМЫЗ КЕРЕК.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.