ЗАҢ МЕН ЗАМАН ТАЛАБЫ

банкроттық туралы өтінішті қабылдау қашан басталады?

Соңғы әлемде орын алып жатқан жағдайлар халықтың тұрмысына айрықша әсер етті. Базардағы баға құбылып, шеттен келетін тауарлардың құны шарықтады. Мұның өзі онсыз да несиеге батқан әлеуметке ауыр салмақ салып отыр. Жаһандағы жағдайдың оңалар түрі байқалмайды. Соғыс өрті тұтанып-ақ тұр. Әлем демін ішіне бүгіп, әліптің артын бақылап отыр. Әйтсе де мұнымен халықтың тұрмысы түзеліп, несиесі жабылмайтыны тағы белгілі. Сондықтан елімізде халықтың қаржылық қиындықтан шығуына мүмкіндік беретін бастамалар қолға алынуда.

Жасыратыны жоқ, банкроттық туралы заң жобасының бұқараға таныс тақырыпқа айналғанына да біраз болды. Сала мамандары мен сарапшылар, қала берді халық қалаулылары да арнайы тоқталып, ақпар берді. Көпшілікке бастаманың жай-жапсары да түсіндірілді. Жуырда ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аталған тақырып тағы қозғалды. Жиын барысында премьер-министрдің орынбасары-қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданғанын мәлімдеді. Аталған заң жобасын дайындау барысында халықаралық тәжірибелер ескерілген. Қош делік, жаңа заң нені көздейтінін тарқатып көрейік. Құжатқа сәйкес, банкроттық туралы рәсімнің 3 түрі бар. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Оның талаптары да жоқ емес. Атап айтар болсақ, атында мүлкі болмауы, өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмаған болуы, берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген және өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек. Басты айта кетерлігі, борыш 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс.
Екінші рәсім – сот банкроттығы. Оның мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қарызының сомасы 1 600 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Сот арқылы банкроттық кезінде қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасын ол кепілде тұрған болса ғана алып қоя алады. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс.
Қош делік, өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға шектеулердің барын да ұмытпаған абзал. Мәселен, мұндай азаматтарға 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу қойылады. Тағы да банкрот деп жариялауға 7 жылдан кейін ғана мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Айрықша айта кетерлігі, бұл процеске қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады. Яғни бұған дейін жүргізілген несие амнистиясы сияқты емес. Бұған премьер-министрдің «Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жоғарыда айтылғандай, заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады» деген сөзі дәлел бола алмақ. Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауатын арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Аталған Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артпақ. Әлихан Смайылов жиын барысында аталған шара қарызды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін ұмытпау керегін тағы бір рет еске салды.
Аталған заң жобасы арқылы өзін банкрот деп жариялауға шешім қабылдаған азаматтардың банктерге барып, ұзын-сонар кезекке тұруына әлі ерте. Өйткені өтінімдер наурыз айынан бастап қабылданады. Бұл жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 жылғы 30 желтоқсанда «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. Банкроттық туралы өтініштерді қабылдау 3 наурыздан басталады» деді. Қорыта айтқанда, жұрттың көптен күткен заң жобасы қабылданды. Әйтсе де кез келген шешімді жеті рет өлшеп, бір рет кесу керегін ұмытпаған абзал…

С.НҰРАЙ.