БӘЙДІБЕК ТҰРҒЫНДАРЫ КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ
Бүгінде елімізде инженерлік инфрақұрылым саласында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде шалғайда жатқан елді мекендерді сапалы ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алған. Мәселен, қазіргі уақытта Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бүгінде аудан аумағындағы 17 елді мекен табиғи газды тұтынуда. Қалған елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең кезеңімен атқарылуда. 2021 жылы Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Нысан толық аяқталған соң 5 елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көретін болады. Сонымен қатар 2023 жылы аудандағы Жоғарғы Боралдай, Тайманов, Теректі, Жиенқұм, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Алғабас, Кеңестөбе, Бәйдібек ата елді мекендері және Шаян елді мекеніндегі 20 коммуналдық тұрғын үй мен 55 гектар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымында салынатын тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша тиісті қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады.
Сондай-ақ аудандағы Жаңаталап, Таңатар, Қошқар ата, Тұрақты, Жұлдыз, Қаратас, Ақжар, Кеңсай, Жарықбас, Алмалы сияқты 10 ауылдың газ құбырларының құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Жалпы 2023 жылы Бәйдібек ауданындағы халықтың 82 пайызын газбен қамту жоспарлануда.