САУРАН АУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ АРТАДЫ
Елімізде сапалы жолдардың санын арттыру бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Бюджеттен миллиардтар бөлінетін салада оң өзгерістің байқалатынын былайғы жұрт жақсы біледі. Мәселен, қазіргі уақытта бір ғана Түркістан облысына қарасты аудандарда автожолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарқатайық…
Түркістан облысы, Сауран ауданында автожолдарға ағымдағы және орташа жөндеу, бағдаршам және жол белгілерін орнату, веложолдар, аяқжолдар мен суағарлар салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізінен аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар – 403 шақырым.
Қазіргі таңда КХ-58 «КХ-84 Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған» 27-31,2 км автомобиль жолын орташа жөндеу, жарықтандыру, аяқжол және суағар салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан мектептердің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылуда. Айта кетейік, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде.