БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: БЕТАЛЫС ҚАЛАЙ?

Арыс қаласына қарасты Дермене ауылының іргесіндегі Арыс өзенінің жиегінде жұмыс істей бастаған «DERMENE AGRO GROUP» ЖШС-ның жұмыс-жайымен танысқан Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келе жатқанын айтты. Ені – 7, ұзындығы – 26, ал тереңдігі – 2 метр болатын 6 су бассейінінде 30 мыңнан астам сазан тұқымдас шабақ өсіріп отырған дерменелік кәсіпкер Мақсат Тоқболаев 3 жылдан бері осы кәсіпті өркендетіп келеді. 5-6 айдан кейін өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған.

Бас-аяғы 40 миллион теңге қаржысын туған жеріне инвестиция ретінде құйған азамат аталған нысанға соңғы шабақты салу шарасына қала әкімін арнайы шақырған. Өйткені кәсібінің дөңгелеуіне белгілі бір деңгейде жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмек-кеңестер алып отырады. «Осылайша, өзара ынтымақтаса отырып, ел экономикасын жақсартып, тұрмыс-тіршілігімізді түзейміз деген сенімдемін» дейді кәсіпкер Мақсат Рахымжанұлы. Ал қала әкімі Гүлжан Мамытқызы соңғы уақытта Арыс өңірінде балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда.
Осы күнгі салмағы орташа есеппен 72 грамды құрайтын шабақ 5-6 айдан соң 2-2,5 килограмға дейін өсіп, жетіледі. Ал оны өткізу жағы қазірдің өзінде шешілген. Алматы қаласындағы балық тарату нарығының 70-80 пайызын қамтамасыз етететін компания дерменелік балықтың килограммын 2-2,5 мың теңге шамасында сатып алатын болып ұсыныс білдіріп отыр. Жақын күндері кәсіпкер су астын оттегімен қамтамасыз ететін арнайы аэроаторлар орнатсақ дейді. «Өйткені, қыс мезгілінде су бетіне мұз қатып, судың құрамындағы оттегі төмендеуі мүмкін. Оның үстіне ауа темпаретурасы +10 градустан төмен түскен жағдайда балық ұйқыға кетіп, қозғалысы баяулайды. Ол кезде оның өсу процесі де қарқынды болмайды» дейді Мақсат Рахымжанұлы.
Бүгінде кәсіпкер бассейін аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тікелей телефоннан бақылау жүргізетін бейнебақылау камераларын орнатқан. Озық технологияны оңай меңгеруді мақсат еткен кәсіпкер келешекте балық бассейінін кеңейтумен қатар, уылдырық алу мен дернәсілдерді шабақ күйіне дейін өсіруді де қолға алуды көздеп отыр.