ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ЖЕМСАУЫНА ТҮСКЕН ҚАРЖЫ ҚАЙТАРЫЛУДА

Премьер-министр Әлихан Смайылов жемқор шенеуніктерден тәркіленген ақшаның мектеп салуға жұмсалатын қаражаты турасында ақпарат берді. Нақтырағы, Сенатта журналистер сауалдарына жауап берген Үкімет басшысы сыбайлас жемқорлықтан алынған ақша үшін Қаржы министрлігінде арнайы шоты көзделгенін атап өтті.

«Ақша Қаржы министрлігінің арнайы шотына түседі және түсіп жатыр. Қазірдің өзінде 50 миллиард теңге түсті. Жақын арада бұл сома 100 миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қаржы әсіресе үш ауысымда оқытатын, апатты жағдайдағы мектептерді, өңірлерде қосымша оқушы орындарымен қамтамасыз ету мақсатында мектептер мен мектептерге қосымша ғимараттар салуға бағытталады» деп түсіндірді премьер-министр.
Оның айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі тиісті құжаттаманы дайындап жатыр. Бұл ретте премьер-министр қаржыландыру бюджетке салынған қаражатқа қосымша жүзеге асырылатынын атап өтті. Айта кету керек, биыл қыркүйек айындағы Жолдауында мемлекет басшысы жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс екенін айтқан болатын.

«Уақыт».