«ЖАРНАМАҒА 23,2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛМАҚ»

антқа деген адалдықты дәлелдеуге де пиар қажет пе?

Бүгінде жеке адамдармен қатар түрлі мекемелер де жеке брендті қалыптастыру мақсатында пиарға жүгінеді. Аталған саладағы қаржы айналымы да ауқымды. Жасыратыны жоқ, пиар турасында тақырып қозғалса, кәсіпкерлік сала бірден ойымызға оралады. Жарнама арқылы өнімін сатып, қыруар қаржыға кенелуге болатынын былайғы жұрт жақсы біледі. Десе де соңғы кездері пиарға жүгінушілердің қатары қалыңдап бара жатыр. Солардың қатарында Түркістан облыстық Полиция департаменті де бар болып шықты. Бұл турасында телеграмдағы «Protenge» каналында материал жарияланды.

Қош делік, жарнамаға жаны құмарлардың қатарында құқық қорғау саласы өкілдерінің бар екені әуелгіде тосырқатып қойған. Аталған материалға сенсек, Түркістан облыстық Полиция департаменті бірнеше сайтқа бір материалды жариялау үшін бас-аяғы 1,2 миллион теңге жұмсаған. Мәселен, әлемдік жарыста топ жарған полицейдің орыс тіліндегі материалы үшін Nur.kz сайтына 359 620 теңге төлесе, қазақ тіліндегі материалы үшін 308 000 теңге берген. Дәл осы материалдың Stan.kz сайтына орналастыру бойынша 468 160 теңге төлеген. Бұдан бөлек, аталған тақырыптағы мақаланы 102info-ға жариялауға 25 мың теңге төлесе, Hannews-ке екі тілдегі материал үшін әрқайсысына 25 000 теңге жұмсаған болып шықты. Бір қызығы, Полиция департаментінің пиарға бөлген қаржысы мұнымен шектелмейді. Жалпы жарнама үшін Nur.kz және Tengrinews, 102info, Zakon и Hannews ақпараттық порталдарына 23,2 миллион теңге беруге даяр. Тіпті, оның 13 миллион теңгесі төленіп қойған. Осы тұста, канал редакторлары полицейлердің оң имиджін қалыптастыруға бюджеттен миллиондар бөлудің себебін түсінбейтіндерін жазады. Себебі Ішкі істер министрлігіне қарайтын polisia.kz сайты материалдарды тегін-ақ жариялайды. Бұл сұрақ біздің де көкейде самсап тұр. Қоғамның тыныштығын күзететін полицейлердің ел арасындағы беделі жарнамамен емес атқарылған нақты жұмыспен көтерілетінін жауапты қызметкерлердің білмеуі мүмкін екені көңілге кірбің түсірері хақ.
Елімізде құқық қорғау органдарының беделін биіктету мақсатында қыруар іс қолға алынып отыр. Тіпті, аталған тақырыпты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қозғаған болатын. Бір сөзінде полиция қызметкерлерінің халықпен ашық диалог жүргізуі тиіс екенін айта келе, көмек қажет тұста азаматтардың қасынан табылғанда ғана көптің сеніміне ие болатынын жеткізген еді. Ал түркістандық полицейлердің ұстанымы мен ойы осы тұста мемлекет басшысының пікірімен үндеспейтін тәрізді. Халық арасында қордаланған түйткілді түйіндер көп. Күн сайын жаңа бір қылмыстың түрі ашылып, қоғамның құқық қорғау органдарына деген талабы күшейе түсуде. Бүгінгідей сын сағатта қажырлы еңбек пен асқан жауапкершілік қана сала абыройының биіктей түсуіне сеп болмақ. Осы тұста ақылы жарнамаға жүгінудің астарында не жатыр деген заңды сауалдың туындары анық. Полиция департаментінің беделі төмен болғандықтан аталған әдіске жүгінді ме әлде сақшылардың халық арасындағы абыройы аз болғандықтан мұндай тәсілді қолданды ма? Бұдан бөлек, полицейлердің мақсаты халықаралық жарыстарда топ жарудан бұрын ел ішіндегі қылмыспен күрес емес пе еді? Жарнамаға берілген материалдың өзі тұтас бір өңірдің Полиция департаменті атқарып жатқан жұмыстарды жақсы жағынан көрсетеді дегенге сену қиын. Біз қателестік пе, Полиция департаментінің жауапты қызметкерлері мүлт кетті ме, тағы белгісіз…
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов немесе облыстық Полиция департаментінің өзге де қызметкерлері аталған жағдайға қатысты ресми ақпарат берген жоқ. Мұрат Талапұлының түрлі қызметтерді атқарып, ысылған кәнігі құқық қорғау саласының қызметкері екенінен хабарымыз бар. Аталған мәселені «жапты жала, жақтым күйе» дейін десек, ақпаратты ашып айтуы тиіс департамент жақ ашар емес. Әлеуметтік желідегі белсенділігінің өзі бір төбе бастық та үнсіздікке көшкен сыңайлы. Спортта жетістікке жеткен қызметкерді жарнамалауға қаржы бөлу қаншалықты дұрыс?
Жауап берер уақыт келген шығар, сіз не дейсіз, Мұрат Талапұлы?

С.НҰРАЙ.