ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕККЕ – ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ
Елімізде кәсіпкерлік саланың дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтар көп. Сауда сөрелеріндегі импорттық тауарларды ысырып, сапасы жоғары, бағасы арзан отандық өнім ұсынып отырған осындай бизнес өкілдері қандай да болсын марапатқа лайық. Жуырда отандық өнімнің әлеуетінің артуына айрықша үлес қосып жүрген кәсіпкер, «GraMadRetail» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және құрылтайшысы Мұқан Ізбасханұлы Наимбеков «Парасат» орденімен марапатталды.
Мұқан Ізбасханұлының өмір жолына көз жүгіртсек, әр жылдары оператор, кооператив төрағасының орынбасары, кооператив құрылтайшысы, мекеме директоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды. 1988 жылдан бастап-ақ басшылық тізгінді қолына алып, көшбасшылық қабілетімен мекеме жұмысын жандандырып, жұлдызын жағып, жетістікке бастап келеді. Кәсіпкерлік салада тәуелсіздік жылдарына дейін-ақ жетістікке жеткен. Тарқатар болсақ, кооператив заңы шыққан уақытта біріншілерден болып, бірлестік құрып, тері өңдеу ісін қолға алады. Былғары киім өндірісін өркендетіп, өзгелердің жүрегі дауаламаған жұмысты ұршықша иіріп әкетеді. Бертін келе тоқырау жылдары сауда сөрелері қаңырап тұрған уақытта бір емес бірнеше кәсіптің етегін ұстап, елдің қажетін өтеуге барын салады. Нан пісіретін цех ашып, тәтті сусындар шығару ісін қолға алады. Елімізде өндірілмейтін өнімдерді шетелден әкеліп, көптің сұранысын қанағаттандыруға күш жұмсайды. Мұқан Ізбасханұлының тағы бір ерекешелігі – шикізатты сатумен шектелмейді. Қостанайда 100 мың гектар жерге бидай егіп, өнімін алады. Оны Ақтөбедегі ұн тартатын зауытта өңдейді. Дайын ұннан макарон өнімдері мен кондитер өнімдері дайындалады. Бір қызығы, кәсіпкердің бастамасымен ашылған «Барыс 2007» макарон фабрикасы Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың көшін бастап тұр. Яғни шикізаттан бастап тұтынушыға дейінгі аралықты қамтитын үлкен кәсіпкерлік кешенді құрып, жұмысын жемісті жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында құрған шаруа қожалықтарында 20 мыңға жуық ірі қара бар. Канада мен Австралия сынды ауыл шаруашылығы өркендеген елдерден 5 мыңға жуық ангус тұқымды ірі қара мал әкеліп, бордақылап, ет өндірісінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Бүгінде ет өнімдері елімізде ғана сатылып қоймайды. Алыс-жақын шетелдерге де экспортталуда. Елдің алғысын алып, халықтың құрметіне ие болған азамат бүгінде 5 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көпбалалы отбасынан шыққан ұлтжанды кәсіпкер қоластындағы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуді әдетке айналдырған.
Ауыл шаруашылығы саласын жетік білетін кәсіпкер 2018 жылдан бастап «GraMadRetail» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде. Астықты қайта өңдеу саласында бизнесті ұйымдастыру мен басқару бойынша көргені мен білгені көп. Макарон және кондитер өндірісін құру бойынша құнды тәжірибесі тағы бар.
Кәсіпкердің қоғам мен салаға сіңірген еңбегі ескеріліп, 2001 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2021 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталған. Елімізде сонау тәуелсіздік жылдарынан бері кәсіпкерлік саланың сан түрлі соқпағынан өтіп, болаттай берік ұстаныммен биікке көтерілген жандар көп емес. Ал біз өмір жолын баяндаған азаматтың елге бергені көп, берері одан да орасан. Елдің дамуына сіңірген еселі еңбегі еленіп, енді міне «Парасат» орденінің иегері атанып отыр. Осы тұста, редакциямыз тарапынан Мұқан Ізбасханұлын аталған марапатпен шын жүректен құттықтап, алдағы бастамалары мен жұмыстарына табыс тілейміз!
«Уақыт».