ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Өндіріс – экономиканың тірегі. Сәйкесінше, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Мұның өзі ел қазынасына қыруар қаржы құйылуына сеп болары белгілі. Бұдан бөлек, жүздеген жұмыс орнының ашылуына да мұрындық болуда. Алдағы уақытта Түркістан облысында бірқатар өндіріс орындары ашылады. Толығырақ тоқталсақ…

Осы аптада Астана қаласында жыл сайынғы Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел өткен еді. Шара аясында Түркістан облысында бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және ірі қара, ұсақ малға арналған құлақ тегтерін, шприцтерді және қан алуға арналған сыйымдылықтарды өндіру өндірісін бастау бойынша Түркістан облысы Инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов пен «Пирамида Комплект» ЖШС, «CAPABLE GROUP» компаниясы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Маңызды жиынға жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің, инвесторлардың, беделді сарапшылар мен пікір көшбасшыларының 500-ден астам өкілдері шақырылған. Қазақстан жағынан салалық министрліктер мен квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, отандық бизнес өкілдерінің жетекшілері қатысты.
Айта кету керек, KGIR-2022 күн тәртібінде талқыланған мәселелер – әлемдік экономиканың дамуы, жаһандық және өңірлік инвесторлар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен мүмкіндіктері, жаңа экономикалық шынайылық жағдайындағы азық-түлік қауіпсіздігі мен логистика.