КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ
Кәсіпкерлік саланың қанат жаюы әлеуметтің әлеуетіне тікелей әсер етеді. Себебі дәл осы сала, оның ішінде, шағын және орта бизнес арқылы мыңдаған отбасы табысын тауып отыр. Сондықтан елімізде аталған саланың дамуы үшін бірқатар игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Осы тұста Отырар ауданындағы кәсіпкерлік саланың әлеуетіне тоқталуды жөн санап отырмыз.
Осы аптада Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Балтакөл және Маяқұм ауылдарында болып, тұрғындармен кездескен болатын. Алдымен аудан әкімінің сапары Балтакөл ауылында бастау алып, жеке кәсіпкер Бөкейхан Нұрдәулеттің иелігіндегі «Бөкейхан» шаруа қожалығында болды. 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер бүгінде Ресей еліне қауын сатумен қатар, қауыннан қақ, қауын құрт өндірісін қолға алған. Одан кейін аудан басшысы ауыл округтегі тары өндіру ісімен танысты. Аталған кәсіппен айналысатын Сабыржан Досжанов қуаттылығы сағатына 700 кг тары, 1 тонна талқан, 1 тонна жем өндіретін диірмен ашқан. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Аудан әкімі сапар барысында кәсіпкерлердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жемісін көргісі келгенге таза ниет болса болғаны. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жайт. Себебі жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда», — деді Сәкен Сұлтанханұлы.
Аудан әкімінің сапары Маяқұм ауылында жалғасты. Ауылда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында мектеп түлектерінің жыл сайын игі істер ұйымдастырып, демеушілік жасауы дәстүрге айналған. Бұл ретте, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 2002 жылғы бітіруші түлектері ауылдың кіреберісіне көркем безендірілген қақпа орнатты. Қақпаның ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов түлектерге алғысын білдіріп, істеріне береке тіледі. Мұнан соң аудан басшысы аталған мектепке атбасын бұрып, ондағы білім ұясының жай-күйімен танысты.