БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕТІН САЛЫҚ ТҮСІМДЕРІ АРТЫП ОТЫР
Мемлекеттік бюджеттің негізгі бөлігін салық түсімдері құрайды. Ал бұл тұрғыдан келгенде Түркістан облысының мерейі үстем. Себебі облыста бюджетке түсетін салық түсімдері артқан. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Еркінбек Елшібеков бұқаралық ақпарат құралдарына берген баспасөз брифингінде айтты.
Нақтырағы «Биылғы 1 қазандағы көрсеткішке сәйкес, Түркістан облысында салықтық түсімдер бойынша Мемлекеттік бюджет жоспары 102,6 пайыз орындалды. Жоспар бойынша өндірілуі тиіс қаржы — 267 613 млн теңге. Ал нақты түсім 274 475 млн теңгені құрады. Яғни 6 861 млн теңге артығымен орындалды. Республикалық бюджет 102,3 пайыз, ал жергілікті бюджеттің жоспары 103,2 пайыз болды. Сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қосымша кіріс көздерінен 14 621,6 млн теңге өндірілді. Ал Салық кодексіне сәйкес, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар, мүгедектер мен көпбалалы жанұяларды қоса есептегенде көлік салығынан 38 130 азамат, мүлік салығынан 35 439 адам босатылды» — деді Еркінбек Кеңесбекұлы. Спикердің айтуынша, кірістер органдарының кеден саласы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қызмет көрсетумен қатар еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз құзіреті шеңберінде жұмыстар атқаруда. Осы ретте Түркістандағы Әуежай кеден бекетінің қызметкерлерінің көмегімен Түркия мемлекетінен әкелінген декларацияланбаған алтын бұйымдары табылып, тәркіленді. Дәл осындай заңсыз тасымалдау фактісі бойынша 8 айда 14 дерек тіркелген.
Одан бөлек, Мемлекеттік кірістер органдарының міндеті тек қана бюджет қазынасын толықтырумен шектелмейді. Яғни салық мәдениетін арттыру үшін тұрғындар мен бизнес өкілдеріне салық, кеден заңнамаларындағы жаңашылдықтардан хабардар етуде бірқатар шаралар атқаруда. Жыл басынан бері 8 мыңға жуық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлер палатасында, Халыққа қызмет көрсету орталығында халықпен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Яғни халықпен 900 кездесу, семинар, ашық есік күндері өткізілді. Интернет-ресурстарда 6 344 ақпарат жарияланып, телеарналар, радиолар мен баспа басылымдарда 893 шығарылым қамтамасыз етілді. Осы тұста айта кетерлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Бұл қосымшаны облыс бойынша 73 404 жеке кәсіпкер, ал «E-salyq Azamat» қосымшасын 199 029 тұрғын пайдалануда.