ЕТТІ ӨНДІРУ МЕН ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ АРТҚАН АЛ БАҒАСЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?
Елімізде азық-түлік бағасының қымбаттап бара жатқаны белгілі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасында да айтарлықтай өсім байқалады. Оның ішінде еттің нарықтағы құны өсті. Сәйкесінше, елімізде аталған азық-түлік түрін өндіру де, тұтыну да артқан. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.
Нақты сандарды сөйлетер болсақ, биылғы қаңтар мен тамыз аралығында ірі қара, шошқа, қой, ешкі және жылқы сияқты жануарлардың етін өндіру көлемі 46,8 мың тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға көп. Бір жыл бұрын сектордағы өнім көлемі 4,6 пайызға төмендеген еді. Демек салада даму бар. Ал енді етті тұтыну көлеміне келсек, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Нақтырағы, тұтыну көлемі ауылдық жерлерде орта есеппен жан басына шаққанда 20,9 кг болса, қалада 18,5 кг шамасында болып отыр. Сәйкесінше, тұтыну көлемі 2,4 және 2,9 пайызға өскен.
Зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың дені сиыр етін тұтынады. Оның көлемі шамамен жан басына шаққанда 12 кг болып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға жоғары. Одан кейінгі орынға жылқы мен қой еті орналасқан. Жан басына шаққанда шамамен 3,2 және 2,6 кг-ды құрайды. Шошқа етін тұтыну көлемі де аз емес. Шамамен 1,7 кг шамасында. Әрине, мұның орташа есеп екенін ескеру қажет. Қош делік, өнім өндірісінің артуы бағаға қалай әсер еткенін саралап көрейік. Қыркүйек айының қорытындысына сәйкес, ет бағасы түрлеріне қарай бір айда 0,6 пайыздан бастап 1,8 пайызға дейін, бір жылда 7 пайыздан 15 пайызға дейін қымбаттаған. Оның ішінде сүйегі бар сиыр етінің бағасы бір айдың ішінде айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Көрсеткіш – 1,8 пайыз шамасында. Ал жылқы еті 1,3 пайызға қымбаттады. Қой етінің бағасы 0,6 пайыз шамасында ғана өскен. Жылдық динамика бойынша жылқы еті айтарлықтай қымбаттады. Өсім – 15 пайыз. Қой мен шошқа еті 12,7 пайызға, қазақстандықтар көп жейтін сиыр еті 7 пайызға қымбаттап отыр. 2022 жылдың қыркүйегінде еліміздің қалаларында сүйегі бар сиыр етінің бөлшек саудадағы келісі орташа есеппен 2387 теңгеден, қой еті 2660 теңгеден, шошқа еті 2033 теңгеден, жылқы еті 2932 теңгеден сатылып жатыр.