ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқын алған. Қалада көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынуда. Олардың сапасы да қатаң бақылауда екенін айрықша айта кету керек. Мәселен, жуырда ғана шаһар басшысы Мұрат Әйтенов инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүріп жатқан «Igilik Park» тұрғын үй кешеніне барып, жұмыс барысымен танысты.

Қазіргі таңда 12 000 шаршы метрлік 200 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйге кәріз жүйесі мен су құбыры 95%-ға тартылып, электр желісі жүргізілуде. «Халықтың сұранысы – сапалы су, жарық және кәріз жүйелері. Бір рет жасалған жүйе ұзақ жылдар қызмет етуі керек. Сондықтан да сапаға аса мән беру керек» деді қала әкімі тиісті сала өкілдерімен кездесу барысында.
Айтып өтейік, «Igilik Park» кешеніндегі пәтерлерді «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алуға болады. Өтініш беру Банктің otbasybank.kz интернет-ресурсында жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1400 азаматтың өтінімі мақұлданған болатын. Оның ішінде 221 азаматпен «Отбасы банк» арасында келісімшарт түзіліп, жалдау ақысының 50%-ы мемлекет тарапынан аударылды. Осыған байланысты тұрғын үй басқармасы мен «Отбасы банк» өкілдері бірлесе Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, тұрғын үй субсидиясы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады.