«БОЗАРЫҚ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Соңғы әлемде орын алып жатқан жағдайлар азық-түлік қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті. Елімізде шеттен келетін тауарларға тәуелді салалар біраз қиындыққа тап болды. Оның артында қаншама отбасының айлық табысы жатқаны айтпаса да белгілі. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігіне мемлекет басшысының өзі айрықша назар аударып отыр. Сәйкесінше, елімізде атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес.
Мәселен, Шымкентте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Нәтижесінде жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ.
Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымы аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.
Бұған дейін, Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейтінін жазған болатынбыз. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Оның бірі – жоғарыда сөз болған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы болса, екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Бұл – 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде үшінші мегаполистегі өңдеу өнеркәсібі өркендей түспек.