ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

Шымкент қаласында өнеркәсіп өркендеп келеді. Қалада көптеген кәсіпорындар ашылып, өнім өндіру көлемі айтарлықтай өскен. Инвестиция тарту бойынша да еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда көш алда. Бұл туралы газетіміздің бұрынғы сандарында да жиі жазғанбыз. Жуырда Үкімет отырысында үшінші мегполистің даму қарқыны тағы да сөз болды.

Нақтырағы, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында еліміздің қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-даму қорытындысы барысында Шымкентте барлық сала бойынша оң динамика сақталғанын атап өтті. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнім көлемі 583,2 млрд теңге жетіп, нақты көлем индексі 107,1 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 108,7 пайыз болып отыр. Инвестиция көлемі 276,2 млрд теңге болып, 31,1 пайызға артқан. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен 68,9 млрд теңге, жеке көздерден 207,3 млрд теңге тартылып отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 91,7 млрд теңге немесе 118,5 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 426,8 мың шаршы метр немесе 123 пайыз көрсеткішке ие. Жалпы сауда көлемі 1 140,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 11,4 пайызға артып отыр. Оның ішінде, бөлшек сауда 355,4 млрд теңге, нақты көлем индексі 112,4 пайыз, көтерме сауда 777,1 млрд теңгемен 110,7 пайыз болған. Байланыс қызметі 5 427,6 млн теңгені құрап, 4,5 пайызға артты. Цифрландыру бағытында да көрсеткіш жоғары. Шымкент қаласы аталған сала бойынша республикада Нұр-Сұлтан, Алматыдан кейінгі үшінші орында. Қорыта айтсақ, үшінші мегаполистің даму қарқыны уақыт өткен сайын артып келеді. Қоғамның барлық саласы қатар дамуда. Мұның өзі қабылданған тиімді шешімдер мен жемісті жұмыстардың арқасы екенін айта кету керек.