БІЛІМ САЛАСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ЖЕТЕРЛІК
Биыл республика бойынша 30-ға жуық мектеп жаңа оқу жылын апатты жағдайда бастады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Биыл республика бойынша 7 600-ден астам мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 30-ға жуық мектеп апатты жағдайда тұр. Мұндай мектептерді алмастырып, жаңа мектеп салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдыңғы жылы 270 мектеп салынса, биыл 260-қа жуық мектептің құрылысын аяқтаймыз. 2025 жылға дейін мың мектеп салу мақсаты тұр. Сол арқылы 3 ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі» деді министр. Оның айтуынша, елімізде 50 жыл бұрын бой көтерген мектептер де бар.
Айта кету керек, жыл сайын министрлік тарапынан тексеріс жүргізіледі. Онда мектептің жағдайына баға беріліп, қажет болған жағдайда апатты мектептер қатарына қосады. Негізгі мақсат – ескірген мектепті ертерек анықтап, жаңа мектепке алмастыру. Бұдан бөлек, салада сапалы маман мәселесі де бар. Бұл туралы министр «2025 жылға дейін салынатын мектептерге 100 мың білімді, білікті педагог керек. Қазір сол бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Кадр тапшылығы бойынша айтар болсақ, мектептерде бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, химия пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік туып отыр. Қазір грант санын да көбейттік» деді.
Қорыта келгенде, білім саласында қордаланып қалған күрделі мәселелер бар. Қарапайым мектеп ғимаратынан бастап сапалы кадрға дейін түйткілді түйінге айналып отыр. Десе де атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Саладағы серпіліс жайы алдағы уақытта белгілі болмақ.