КЕЛЕСТІК ШАРУАЛАР ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІН ҚОЛДАНА БАСТАДЫ

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір бағыты суды үнемдеу мен өнімділікті арттыруды көздейді. Нәтижесінде суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары да қарастырылған. Аталған ұлттық жоба аясында Түркістан облысында қолға алынып жатқан жұмыстар да көп.

Мәселен, Келестік шаруалар биылдан бастап мал азығын жаңбырлатып суару технологиясымен өндіруге көше бастады. Өңірде жаңбырлатып суару технологиясын алғашқылардың бірі болып Қошқарата ауылдық округі аумағында орналасқан «Асқар» шаруа қожалығы қолдана бастады. Ағын су шығуы қиын болған 4 гектар аумаққа жоңышқа өнімін еккен шаруа егінін жаңбырлатып суару әдісімен суаруда. Шаруаның айтуынша, жоба құны 26 млн теңгені құраған.
«Осындай тың жобалар егін шаруашылығында мол өнім алуымызға жол ашады. Соның ішінде мал азығын көптеп жинауға мүмкіндік беруде. Жаңбырлатын суаруға арналған 2 техника алдық. Алған суммамыздың 50 пайызын «Қазагрофинанс» АҚ-ы тарапынан лизингтік шарт негізінде төленіп беріледі. Бұдан кейін жаңбырлатып суару әдісінің арқасында диқандардың өздері игере алмай жүрген бос жерлер тиімді пайдаланылатын болады» дейді шаруа қожалығының иесі Азамат Утеев. Айта кету керек, ауданда аталған тың технологияны қолданғысы келген шаруалардың саны артуда. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде 2 шаруа қожалығы аталған жобаның техникасын алуға тиісті құжаттарын топтауда екен.