БИЫЛ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 98 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша есеп берді.
Шымкентті электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл мақсатта 5 елді мекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.
Алғашқы жарты жылдықтағы жұмыстар нәтижесінде — Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97%, Сәуле 97%, Cолтүстік саяжай 88%, Достық 80%, Жаңаталап 67%, Тұран 2-3 64%, Батыс 56%, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45%, Бозарық 45%, Нұрсат 33% орындалған.
Айта кету керек, бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 3 елді мекен ауыз суды кестемен қолданады. Биыл 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде қамту деңгейі 98%-дан 99%-ға артады. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіледі. Бұдан бөлек, қалада 81 тұрғын алап пен шағын аудан бар. Оның 62-сі кәрізбен қамтылмаған. Қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты жетпей жатыр. Осы жылы 7,3 млрд теңге 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту деңгейі 54 пайыздан 60 пайызға жетеді. Даму жоспары бойынша 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткішін 75 пайызға жетпек. Жоспар толығымен жүзеге асса, өңірлердегі өзекті мәселеге айналған инфрақұрылым бойынша біраз түйткілдің түйіні ағытылмақ. Қала берді, аталған бағыттардағы жұмыстар да алдағы уақытта қарқынды түрде жалғаса береді.