ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Жылдан-жылға Шымкент қаласының тұрғындары көбейіп келе жатыр. Өз кезегінде, миллионнан аса халқы бар қалада көлік кептелісі – өзекті мәселе. Бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды бастамалар да бар.

Мәселен, қазіргі уақытта Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрықтың құрылысы қарқын алған. Үш деңгейлі жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артады.
Өткен аптада шаһар басшысы жалпы жұмыс барысын тексеріп, кезеңдік жұмыстардың аяқталу мерзімдерін мердігермен пысықтап, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жолайрықтың техникалық сипатына орай, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.
Қазіргі уақытта аталған құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған. Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері қолданылып жатыр.