ТАБИҒИ АПАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЖЫЛ САЙЫН 477 МЛН ДОЛЛАР ЖОҒАЛТАДЫ
Табиғи апат турасында сөз қозғасақ, елімізде орын алған оқыс оқиғаларды тізіп беруге болады. Себебі жүздеген адамның үйінен үдере көшіп, мектеп пен өзге де мемлекеттік нысандарды паналағанын былайғы жұрт жақсы біледі. Қоғамда табиғи апатпен күрестің қарқынды жүрмейтіні турасында қаншама сын айтылса да, жыл сайын көктем айларында дабылдың қағылып, ескертулердің беріліп жататыны тағы бар. Мұндай оқиғалар көпке қолайсыздық келтірумен қатар, онсыз да бүйірі бір бұлтимай, Ұлттық қордың қаражатына иек артып келе жатқан бюджетке ауқымды салмақ салады. Еліміз табиғи апаттың кесірінен қанша қаражат жоғалтады? Онымен күреске қанша ақша жұмсалады? Сандар не дейді? Тарқатайық…
Қазақстанда көшкін, су тасқыны, қуаңшылық, сел, қар көшкіні мен экстремалды температура жиі болып тұрады. Әрбірінен келген қауіптің салдарымен күреске миллиондар жұмсалатыны тағы белгілі. Оның ішінде жер сілкінісі мен су тасқыны ел бюджетінен қыруар қаржыны қағып кетеді. Мәселен, Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының 2022 жылғы есебіне сүйенсек, еліміздегі су тасқыны салдарынан келетін орташа жылдық шығын 419 млн АҚШ долларына бағаланады. Ал жер сілкінісі бюджеттің 57,6 млн АҚШ долларын көкке ұшырып, жоқ қылады. Бұл туралы Energyprom.kz жазды. Су басу қаупі еліміздің барлық аймақтарында бар. Қазақстанның солтүстік, оңтүстік және орталық аймақтарында келтірілген шығын көлемі 30 млн АҚШ долларынан асып жығылады. Ең көп орташа жылдық шығын Қызылордада тіркеліп отыр. Көлемі 60,7 млн АҚШ долларына тең. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында жылына 40 млн АҚШ долларынан асады.
Су басу қаупі солтүстіктегі облыстарда қардың қалың жууы және күннің күрт ысуымен байланысты. Ал оңтүстік жұртын аймақтағы төрт мемлекеттің, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның аумағын кесіп өтетін Сырдария өзені алаңдатады. Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасындағы судың көбеюі, ағыстың төменгі жағында топталатын мұз кептелісі, жаңбырдың жиі жаууы мен қардың еруі салдарынан оңтүстіктегі көршілеріміз біраз қиындыққа тап болып отыр. Осының салдарынан жыл сайын орташа есеппен 400-ге жуық адам қаза болады. Мұның өзі ауқымды мәселе екенін аңғартса керек. Ал елімізде су тасқынынан зардап шегетін тұрғындардың саны жылына шамамен 156 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде бір жылда шамамен Ақмола облысының 22 мың тұрғынының, Қызылорда облысының 19,4 мың тұрғынының аталған табиғи апаттың кесірінен қалыпты өміріне қауіп келетін болып шықты.
Жер сілкінісінен келетін шығын да аз емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, жылдық шығын 57,6 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 46,8 млн АҚШ доллары Алматыға тиесілі болса, 8,9 млн АҚШ доллары Түркістан, 1,6 млн АҚШ доллары Жамбыл облыстарында тіркеліп отыр. Осы үш өңірдің өз елдегі орташа жылдық шығынның 100 пайызға жуығын құрайды. Себебі өзге өңірлерде іс жүзінде жер сілкінісі қаупі жоқ. Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының деректеріне сүйенсек, елімізде жылына шамамен 44 мыңдай азамат аталған табиғи апат түрінен зардап шегеді. Сәйкесінше, зардап шегушілердің дені Алматыда тіркелген. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені 200 мыңға тарта тұрғын сейсмикалық тұрғыдан алғанда осал үй-жайларда өмір сүріп жатыр. Жеке тұрғын үйлерді былай қойғанда, мектеп, аурухана, балабақша сынды көптеген мемлекеттік нысандардың өзі толықтай қорғалмаған. Сарапшылардың пікірінше, еліміз күні бүгінге дейін зілзаланың салдарынан 1 миллиард АҚШ долларына шамалас қаржы жоғалтқан.
Елімізде төтенше жағдайлармен күрестің тиісті нәтиже бермей жатқаны жаңа министрліктің құрылуына себепші болды деуге негіз бар. Нақтырағы, 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар ведомствосын Ішкі істер министрлігінің құрамынан алып, жаңа министрлік құру туралы Жарлық шығарды. Міне, содан бастап салада серпіліс пайда болды. Сөзіміз дәлелде бола түсуі үшін нақты сандарды сөйлетсек, 2020 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан келетін материалдық шығын 2 есеге дейін қысқарды. Түрлі апаттардан құрбан болатындар саны 10,8 пайызға, өндірістік өлім-жітім 36 пайызға, ауыр жарақаттар саны 9 пайызға кеміді. 2021 жылы республика бойынша 12 мыңнан аса төтенше жағдай тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 8 пайызға аз. Дегенмен мұның өзі жұмыстың қарқынын арттырмауға себеп бола алмасы анық. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы 50 жылда әлемде табиғи апаттар 5 есеге жиілеген. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырады. Салдарынан 2 миллионнан аса адам қайтыс болған. Материалдық шығын көлемі де 7 есеге артқан. Тек былтырдың өзінде әлемдегі жалпы шығын көлемі 250 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 24 пайызға көп. Шығар қорытынды біреу, табиғи апатпен күрес Қазақстан үшін ғана емес жалпы әлемде ауқымды мәселеге айналып отыр.
Қош делік, табиғи апат санының өсуі саладағы жоспарды жүйеге келтіріп, себебімен күрес бағытындағы жұмыстардың қарқын алуына сеп болады деп сенейік. Ақпараттандыру, ескерту, табиғи апат кезінде шұғыл әрекет ету бойынша жасалатын жұмыстарды жоғары деңгейде деп айта алмайтын тәріздіміз. Себебі елімізде орын алған оқыс оқиғаларда тұрғындардың қандай күйге түскенін барша жұрттың жақсы білетіні анық. Үй-жайын тастап, ыстық күнде үдере көшкен халықты көзіміз көрді. Тіпті, өзеннің бойында орналасқан тұрғындардың өзі су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керегін толық біледі дегенге күмән көп…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.