ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ШЕКАРА АСЫРЫП, ШЕТТЕН КЕЛГЕН ТАУАРҒА ИЕК АРТЫП ОТЫРМЫЗ

Базардағы бағаның құбылуын шеттен келетін тауарларға телитініміз бар. Отандық өндірістің көлемі артса, ішкі нарықтағы баға тұрақтанады дегенді де шенділер жиі айтып жүр. Әйтсе де шынайы өмірдегі жағдай тағы да мінберден айтылатын ақпаратпен сай келмейтін тәрізді. Бұған ішкі нарықтың негізгі бөлігін қамтуға қауқарлы күнбағыс майының қазіргі жағдайынан білуге болады. Өндірістің өсіміне қарамастан, аталған азық-түлік түрі бір жылда 12 пайызға қымбаттап отыр.
Осы тұста айта кетерлігі, күнбағыс майының жартысына жуығы Шығыс Қазақстанда өндіріледі. Биылдың алғашқы алты айында күнбағыс майын өндіру көлемі 235 мың тоннаға жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,1 пайызға артық. Оның ішінде тазартылмаған күнбағыс майы 160 мың тоннаны құрап, өсім 71,5 пайызды көрсетсе, тазартылғаны 75 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға кеміген. Өңірлерге ойыссақ, 78,1 мың тонна тазартылмаған, 33,6 мың тонна тазартылған май өндіретін Шығыс Қазақстан облысы көшті бастап тұр. Ал тазартылмаған күнбағыс майын өндіру бойынша 43,8 мың тоннамен Абай, 9,1 мың тоннамен Қостанай облыстары алғашқы орындарды еншілесе, өңделген майдың біразын, атап айтқанда 24,2 мың тоннасын Шымкент, 10,4 мың тоннасын Алматы шығарады. Бұл туралы Energyprom.kz жазды.
Ішкі нарықты қамту көрсеткіші де жаман емес. Отандық өндірушілер биыл қаңтар мен мамыр аралығында сұраныстың 83,5 пайызын жауып отыр. Импорт көлемі 16,5 пайызды құрайды. Өткен жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда өнім көлемі 29,6% өссе, импорт 26,6% артқан. Сәйкесінше, нарықтағы аталған азық-түлік тауарын сату көрсеткішінде де өсім байқалады. Экспорт та артқан. Аз емес, 2 еседен артық көрсеткішке өсіп, көлемі 92,4 мың тоннаны құрап отыр. Шілде айының қорытындысына сүйенсек, күнбағыс майы бір айда 1,4 пайызға қымбаттаған. Жылдың басынан бергі өсім 8,1 пайыз шамасында болып отыр. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, баға 11,6 пайызға бір-ақ өскен.
Елімізде күнбағыс майын өндіру көлемі артып отыр. Сәйкесінше, импорт көлемі де көбейген. Демек отандық өндірушілер ішкі нарыққа өнім шығаруға құлықты емес. Мұны экспорт көлемінің 2 есе артқанынан-ақ аңғаруға болады. Кәсіпкердің пайдаға көбірек мән берері түсінікті жайт. Ал жауапты министрлік жағдайды қалай түсіндірері белгісіз. Қолда бар өнімді шекара асырып, қымбатшылықты шеттен келетін тауарға телитін болса, бағаның тұрақтанбасы тағы белгілі. Бұл – өзекті де өткір мәселе. Қашан шешілері тағы белгісіз…
Е.САДЫҚ.