БАҚ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласына бірнеше күн бұрын ҚР Парламенті Сенатының депутаттары іссапармен келген болатын. Депутаттар қаладағы қайнаған тіршілікті бақылаумен қоса, түрлі сала мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Мәселен, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында үшінші мегаполистегі БАҚ өкілдерімен кездесіп, еркін форматта ой алмасты. Іс-шарада БАҚ туралы заң жобасы, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдарды субсидиялау, кадр тапшылығы сынды мәселелер көтерілді.

Сенатор Айгүл Қаппарова қазіргі уақытта БАҚ туралы заң жобасының талқыланып жатқанына тоқталып, түрлі ұсыныстардың барын айтты. «Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында БАҚ туралы заңды қайта реформалап, оның рөлін күшейту керектігін айтқан болатын. Қазір Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Отандық журналистиканың бәсекеге қабілеттілігі, одан әрі дамуы бойынша бірқатар кездесулер, жиындар өтуде. Ең көп талқыға түсіп жатқаны – журналистерге статус беру мәселесі. Одан бөлек, қазір ақпараттық қоғамда БАҚ коммуникациясы деген ұғым пайда болды. Енді кез келген ақпарат таратушы жеке тұлғаның жауапкершілігі заңмен бекітіледі. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға мемлекет тарапынан субсидия беру мәселесі қарастырылуда» деді сенатор.
Ал депутат Нұрлан Бекназаров қоғамның алға жылжуында бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше орын алатынын, бұл ретте бірлесе жұмыс істеудің маңызы зорын атап өтті. Өз кезегінде, кездесуге келген журналистер қауымы да өз ұсыныстарын білдірді.