«ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ»

Жыл басынан бері Шымкент қаласында қолға алынған шара көп. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша елдің өз өңірлерімен салыстырғанда көш алда келе жатқаны да белгілі. Бұдан бөлек, халық қалаулылары ел-елге барып, мәселелерді біліп, шешілуі жолында іркіліссіз іс атқарып келе жатыр. Көптің мұңы мен биліктің бастамасын бес саусағындай білетін сондай депутаттардың арқасында елдің билікке деген сенімі артады. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте қандай шаралар атқарылып жатыр? Халық қалаулылары немен айналысуда? Осы және өзге де сауалдарымызды саралап, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттағы AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Жадыра Таңатаровға қойған болатынбыз. Белсенді халық қалаулысы уақытын бөліп, түйткілді сұрақтарға жауабын берді. Сол сұхбатты қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз…

 

— Жадыра Нағашыбайқызы, бүгінде депутаттардың белсенділігі жоғары. Атқарып жатқан орасан жұмыстары тағы бар. Осы орайда, әңгімемізді өзіңіздің тындырған тірліктеріңізден бастасақ. Мәслихат депутаты ретінде қандай мәселелерді көтеріп келе жатсыз? Не шешілді?

— Шымкент қаласының мәслихат депутаты, AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары, қалалық партия филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрайымы, партияның республикалық Саяси Кеңесінің мүшесі ретінде қаладағы өзекті саналатын жанұя мәселесіне ерекше мән бердім. Естеріңізде болса, праймериз кезінде де осы мәселені көтеремін деген ұстанымым бар еді. Сонымен қатар қандастар мәселесін үлкен мінбелерде көтеретінімді айтқан болатынмын. Осы бағыттарда жұмысымды жүйелеп келе жатқан жайым бар. Өзім басшылық жасайтын ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқытатын колледждің басшысы ретінде де мүмкіндігі шектеулі жандардың лайықты әрі кедергісіз ортада өмір сүруіне атсалысудамын. Отбасы мәселесіне келетін болсам, өңірімізде AMANAT партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты қалалық сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, «Шаңырақ» жас отбасыларға психологиялық көмек беру орталығы ашылды, мүмкіндігі шектеулі жандардарды қолдау үшін «Тең қоғам» орталығы іске қосылды. Ал қандастарды бейімдеу бойынша «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында» жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырып, талап-тілектерін тиісті мекемелерге жолдап отырамын. Мұның барлығы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар екені белгілі. Сондай-ақ бүгінгі күнде қаншама шаңырақтың шайқалып жатқанын білеміз. Бұл – үлкен мәселе. Негізінен алғанда, мемлекеттің мықты болуы – отбасының берік болуымен бағаланады. Сондықтан осы тақырып төңірегінде күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында AMANAT партиясының орталық аппаратында партия жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкиева Динара Болатқызының жетекшілігімен кезекті отырыс өтті. Отырысқа Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары, Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде қатыстым. Жиында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Дүйсенова Тамара Қасымқызы Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу бойынша баяндама жасады. Қосымша жаңартылған пішіндегі enbek.kz платформасының және әлеуметтік қызмет порталының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға қолдау мен көмек көрсететін «Бақытты шаңырақ» Қорының төрағасы, кеңес мүшесі Сұлтанова Ботагөз сөз алып, Әлеуметтік кодекс жобасына ұсыныстарымызды жолдадық. Мен Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық Кеңестің мүшесі, мүмкіндігі шектеулі азамат, партия белсендісі Сәрсенбаев Мақсат мырзамен келісе отырып, бірқатар ұсыныстарды жеткіздім. Атап айтқанда, І топ мүгедектігі бар жандарға берілетін қоларбаларға бөлінетін қаражатты көбейту, қоларбалардың жылдарын бөлмелікті 7 жылдан 3 жылға, серуендікті 4 жылдан 2 жылға азайту. Жауапты министрліктің 26-бұйрығында электрлік немесе серуендік қол арбаны аласың деген таңдау берілген. Осының орнына «белсенді қоларба» аласың деп енгізу керек екенін айттым.
Тағы бір түйткілді мәселе, 2022 жылы бастау алған 2 пайызбен берілетін ипотекаға байланысты екенін айтқым келеді. Бірақ та бұл қатарға ересек мүгедектігі бар жандар қосылмай отыр. Осы мәселелер назарға алынып, өзгерістер болса деген ұсынысымызды жолдадық. Жақын арада назарға алынып, өзгерістер болады деген сенімдемін.

— Өзіңіздің сайлау округіңізде түйткілді мәселелер бар ма? Халық қандай мәселелерді жиі көтереді?

— Халық қалаулысы әлеуметпен етене жұмыс істейді. Мен Қаратау ауданына қарасты Шапырашты, Орманшы, Өтеміс, Тассай, Гүлистан, Сайрам тұрғын алабтарының инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелеріне жауаптымын. Біздің мегаполистің қарқынды дамып келе жатқан өңір екені белгілі. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының жетекшілігімен қыруар істер атқарылып жатыр. Инфрақұрылым саласында әлі де жұмыстар жүргізу қажет екенін білесіздер. Әр адам лайықты әрі сапалы өмір сүруі керек емес пе?
Сонымен өзіме бекітілген бірқатар округтерге тоқталайын. Мәселен, 2013 жылы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауыл округі әкімінің шешімімен 2 жылға жалға тұрғын үй салу үшін жер телімдері берілген. Шымкент қаласынан мемлекеттік акт алуда, құжаттарды рәсімдеуде қиындықтар көп. Тұрғын алаб аумағындағы 200 жер теліміне инфрақұрылым тарту мәселесін шешу қажет. Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен 2018 жылы тұрғын алабтың егжей-тегжейлі жоспары бекітілген. Жер телімдерін заңдастыру үшін иелері халықтық кеңсе (фронт офис) арқылы заңдастыруды сұрап, арызданулары қажет. Тұрғын алабындағы көшелерді жарықтандыру мәселесіне келетін болсам, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан Шапырашты тұрғын алабындағы Саяжай, Шатемір көшелерін жарықтандыру жұмыстары 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Мердігер мекеме – «ABM Building» ЖШС.
Шапырашты тұрғын алабында жалпы 13 көше бар. 5 көше асфальттанған, 6 көшені асфальттау қажет. Жаңа құрылыс аумағындағы топырақ көшелерге шағал тас төселуі тиіс. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырысымен тұрғын алабтағы Наурызбай батыр, Жаңақұрылыс көшелерін асфальттау 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге Шапырашты арық-каналын бетондау қажет. Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы тапсырысымен Шапырашты каналының ЖСҚ жұмыстары әзірленген, бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары атқарылатын болады.
Ал Орманшы тұрғын алабында Қажымұқан, Шынар, Алатау көшелерін асфальттау қажет. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырысымен Қажымұқан, Шынар, Алатау көшелерінің ЖСҚ жұмыстары аяқталған, бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда аталған көшелер асфальттанатын болады. Алатау-3, Б.Момышұлы көшелерін жарықтандыру керек. Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан Алатау-3, Б.Момышұлы көшелерінің ЖСҚ жұмыстары аяқталған, бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда аталған көшелер жарықтандырылады. Алатау көшесінде ирригациялық арықтар орнату, су құбыры жүйесін жөндеу мәселесі де бар. Дегенмен бұл түйткілдер жоғарыда аталған басқарманың 2021-2025 жылғы даму жоспарында қарастырылған. Міне, қалған округтарда да осындай өзекті мәселелер бар. Барынша оң шешімін табуға аудан әкімімен бірлесе отырып, жұмыстар жасап жатырмыз.

— Қаламыздағы білім саласында қыруар іс атқарылып жатыр. Десе де мәселе де аз емес. Бірнеше ауысымда оқып жатқан мектептер әлі де бар. Жалпы мектептердегі орын санын көбейту мен білім сапасын арттыру бағытында қаламызда қандай шаруалар қолға алынып жатыр? Өзіңіздің осы саладан хабарыңыз бар, жұмыстар жайын бақылап жатсыз ба?

— Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген еді. Қарап отырсақ, оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл 24 мектептің пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Тапсырмаға сәйкес, Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 мыңнан астам орын саны бар 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен бірге қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтейін. Яғни білім саласында қолға алынған іс көп. Нәтижесін де беріп жатыр. Нақты көрсеткіштерді жоғарыда атап өттім.

— Бүгінде кәсібін бастап, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар көп. Ал бұл бағдарламалар Шымкентте қай деңгейде жүзеге асып жатыр? Кәсіпкерлер берілген қолдаудың игілігін көріп жатыр ма? Нәтиже қандай?

— Кәсіпкерлерге ауқымды қолдаудың көрсетіліп жатқаны белгілі. Атап айтқанда, қаламызда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасымен 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1800-ден астам жобаға қолдау көрсетілген. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасына 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылған. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріліп жатыр. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілді. «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы да жемісті жұмыс істеп келе жатыр. Орталықтың арқасында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты кеңестер берілген. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдары Шымкентте кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Ерік-жігері мен құлшынысы бар азаматтарға көрсетілер қолдау да көп.

— Бүгінгідей сын сағатта халықтың әлеуметтік ахуалына баса назар аударылуы тиіс. Баға күн сайын құбылып барады. Ал жұмыссыздықпен күрес шаралары қолға алынып жатыр ма? Жыл басынан бері қанша азамат жұмыспен қамтылды?

— Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік ахуалының қандай екені бәрімізге белгілі. Азық-түлікке деген баға өсіп жатқанын да көріп отырмыз. Бұл – республика бойынша орын алып жатқан жағдай. Бірақ қазіргі таңда көкөністердің бағасы қолжетімді деген ойдамын. Базарларда қызанақ, қияр, картоп, пияз бағалары әлдеқайда арзандау деп есептеймін. Меніңше, өзге өңірлермен салыстырғанда тұрғындардың қалтасына қонымды. Ал жұмыссыздық мәселесіне келетін болсақ, бұл – әлемдік деңгейде орын алып жатқан түйткіл. Біздің өңірімізде жұмыссыздықты жою мақсатында қала әкімінің басшылығымен инвестициялар тартылып жатыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Айтып өтетін болсам, Шымкент қаласы елімізде инвестиция тартудан көш бастап тұр. 2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6% артқан. Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңгеге 296 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр. Сонымен бірге жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1000-нан астам жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі. Ал инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған. Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнеркәсіп аймағында 294,5 млрд теңгеге 191 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған. Яғни әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызы зор. Бұл көрсеткіш бойынша қаламыздың көш алда келе жатқанының өзі атқарылған жемісті жұмыстарды айғақтайды деп ойлаймын.

— Жаңа Қазақстан. Осы уақытқа дейін не өзгерді? Болашақта не өзгереді деп ойлайсыз?

— Бұл – қоғамның талаптары мен тілектері. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан реформа. Халықтың нақты талаптарына жауап ретінде Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Саяси реформаларды бірауыздан көпшілігіміз қолдадық. Бұл ел мүддесі жолындағы келешек ұрпақ үшін жасалған қадамдар деп айта аламын. Жаңа Қазақстан – құр әшейін айтылатын сөз болып қалмауы тиіс. Ол үшін әр азамат жаңаша ойлап, жаңа көзқарастарды қалыптастыруға үлесін қосуы керек. Халықтың қолдауымен Конституциямыздың үштен бірі өзгеріске ұшырап, екінші республиканың қалыптасуына жол аштық. Ендігі кезекте барлық салада жұмыс жасаудың жаңа форматы енгізілуі керек. Демократиялық қағидаларға ерекше мән берілуі тиіс. Атап айтатын болсам, сөз еркіндігі, ашықтық саясаты, жариялылық, қоғам талаптарына дер кезінде үн қату, әділдік, адалдық секілді ұғымдардың өз дәрежесінде қолданылып, іске асуына әрбіріміз атсалысуымыз қажет. Сонда ғана — Жаңа Ел, Жаңа Қазақстан боламыз!

— Сұхбатқа келісім беріп, уақыт бөлгеніңіз үшін редакциямыз тарапынан алғыс білдіремін. Елдің мұңын мінберден көтеріп, биліктің бастамасын халыққа жеткізетін құрметі жоғары, беделі биік халық қалаулысы бола беруіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН.