КӘСІПКЕРЛІК САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕР БАСТАМАЛАР КӨТЕРІЛДІ
Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде брифинг беріп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндаған болатын. Онда өңір басшысы үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар жайымен қатар, алдағы уақытта қолға алынатын бастамалар жайын да тілге тиек етті.
Шаһар басшысы есепті кездесу барысында халықтың әлеуметтік ахуалын көтеру үшін өндіріс орындарын көптеп ашу керегіне тоқталып өтті. Ал бұл бағытта Шымкентте атқарылып жатқан шаруа көп. Нақтырағы, биыл 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 52,3 млрд теңгені құрайды. Жоспар жүзеге асса, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Күні бүгінге дейін 5 кәсіпорын іске қосылып, жұмысын бастап та кеткен. «Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жобаның құны 23,4 млрд теңгені құрап, онда 145 жұмыс орны ашылды. Жобалық қуаттылығына келсек, жылына 500 млн дана алюминий банкілерін шығарады. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысы қаладағы кәсіпкерлік салаға серпін беретін тың жобалар жайына тоқталып та өтті. Солардың бірі — «Standard Steel KZ» ЖШС. Түсті металл концентраттарын алу зауытының жобалық құны – 8,5 млрд теңге. Өндірістік мекеме ашылса, 250 жаңа жұмыс орны құрылады. Зауыттың үшінші мегаполис үшін маңызы зор. Себебі бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсерін тигізеді.
Жалпы Шымкенттегі 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар жиын барысында қала әкімі жұмыс істеп тұрған 2 индустриалды аймақпен қоса тағы 2 индустриалды аймақ ашатынын мәлімдеді. Оның бірі – Қазақстанда тұңғыш рет салынатын «Стандарт» жекеменшік индустриалды аймағы. Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» агроиндустриалды аймағы. Нәтижесінде алдағы 5 жылда қала экономикасына 2,6 трлн инвестиция тартылмақ.