ДОМБЫРА – ҰЛТТЫҢ ҮНІ

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Жыл сайын ұлттық руханияттың ұпайын түгендейтін мереке қарсаңында елімізде түрлі шаралар өтеді. Ұлттық аспаптың қадір-қасиеті мен мәдениетіміздегі маңызы жан-жақты насихатталады. Биыл да аталған мереке қарсаңында Шымкентте үлкен шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының құлағының құрышын қандырып, жүрегінің қылын шерткен «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік шарада домбырашылар өнер көрсетті.

 

«Домбыра жай музыкалық аспап қана емес, мыңжылдықтарға ұласқан тарихымыздың қилы кезеңдерінде халқымыздың жан сырын, мұң-шері мен арман-мұратын жеткізіп, бойымызға рух дарытқан жан серігіміз. Қазақтың өнері мен мәдениетін домбырасыз елестету мүмкін емес. Осынау рухани мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында төрт жылдан бері Ұлттық домбыра күні атап өтілуде. Ендеше баршаңызды осынау тамаша мерекемен құттықтаймын» деді шарада сөз алған Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Орынтаев.
Ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама барысында Шымкент қалалық мәдениет үйінің әртістері мен artsport.kz порталы арқылы жұмыс істеп жатқан шығармашылық үйірмелердің жас өнерпаздары өнер көрсетті. Бас-аяғы 300-ден астам домбырашының басын қосқан салтанатты шарада «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Кеңес», «Сарыарқа», «Балбырауын» және өзге де халық арасында кеңінен танымал күйлер орындалды. Әуезді ән мен тамаша би концерттік бағдарламаның қызығын арттыра түсті.