ҚАЛАНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?
Газетіміздің бұдан алдыңғы санында Шымкент қаласының бас жоспары қоғамдық талқылауға ұсынылғаны турасында жазған едік. Арада бір апта уақыт өтті. Бастапқы 5 күнде бас жоспармен танысқан тұрғындардың саны 400-ге таяп, 30-дан астам жазбаша ұсыныс түсіп үлгеріпті. Бұған дейін жазғанымыздай, ол өтініш-тілектер қараусыз қалмайды. Сала мамандары саралап, ескереді.
Бұл жайында баспасөз мәслихатында кеңінен айтылды. Жалпы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған жұмыс тобы шаһардың бас жоспарын қала әкімі Мұрат Әйтенов пен мәслихат депутаттарына да таныстырды. Сала мамандарының сөзінше, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар – қаланың бас құжатын бекіту жұмысының бірінші кезеңі. «Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді. Алғаш рет Шымкенттің 117 мың гектар аумағының барлығына 1:10000 масштабта векторлық топотүсірілім жасалды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы полиорталық принципімен жүреді. Яғни қаланың бір ғана орталығы мен басқа шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орталықтары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. Бұған қоса жаңа құжатта ЛРТ, БРТ сияқты көлік желілері орналасады. ЛРТ – жеңіл рельсті көлік, ал БРТ – арнайы жолақтағы автобус. Бұған қоса тағы бір ерекшелік, 2012 жылғы бас жоспарда қалаға соғатын желдің бағыты ескерілмеген. Қалаға жел көбінесе шығыс жақтан соғады. Ал қазіргі жоспарда желдің бағыты ескеріліп, ірі өнеркәсіп орындары қаланың батыс аймағындағы жаңа индрустриалды аймақта орналасады деп жоспарлануда. Шымкенттің солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде» деді Мақсұт Исахов.
Бас жоспар сызбасымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов инженерлік инфрақұрылым мен жол салуға айрықша назар аудару керегіне тоқталып өтті. Айтуынша, соңғы бас жоспар жасалған уақытта қала тұрғындарының саны қазіргімен салыстырғанда аз еді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келе жатыр. Сондықтан кептелісті азайтып, жолдарды дамыту да назардан тыс қалмауы тиіс. Жаңа бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылады.