ЖАҢА ВАГОН САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?
Соңғы уақытта жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты сын көбейген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан лас төсек-орынды былай қойғанда, қаптаған тарақандарды да көруге болады. Билет бағасы жыл сайын көтерілгенімен, көрсетілер қызметтің сапасы артпай жатқаны да жасырын емес. Мәселен, биыл алғашқы 5 айда жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты мыңнан астам арыз-өтініш түскен.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілепов өз сөзінде «Соңғы 10 жылда біз 1100-ден астам жолаушылар вагонын жаңарттық. Жолаушы вагондарының орташа тозуы — шамамен 46%. Биыл тағы 73 жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бизнесті, яғни жеке тасымалдаушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында жолаушылар тасымалын субсидиялау, жолаушы вагондарын сатып алу кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау енгізілді. Қазіргі уақытта швейцариялық «Штадлер» компаниясымен еуропалық стандарт бойынша жолаушы вагондарын шығару мәселесі пысықталып жатыр» деп атап өтті. Айтуынша, 2029 жылға дейін елімізде 530-дан астам вагон сатып алынады. Ал арыз-шағымдардан хабардар. Биылдың алғашқы 5 айында 200-ден астам вагон тексерілген. 431 тәртіп бұзу фактісі де анықталыпты. 32 миллион теңге көлемінде айыппұл да салынған.
Қош делік, айыппұл салынды. Десе де осы уақытқа дейін қолданылып келген шаралар нәтижесін беріп жатыр ма деген сауал көкейде самсап тұр. Жаңа вагондардың қолданысқа берілетіні – жақсы жаңалық. Дегенмен мыңдаған жолаушыға алдағы жылдары берілетін вагон емес, бүгінгі қызмет сапасы қызық. Бұл мәселенің жаңа вагонмен шешілмесі тағы белгілі…
«Уақыт».