БІЛІМ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРУА КӨП

Шымкент қаласында білім саласының дамуы үшін барша тиісті шаралар дер кезінде атқарылып келеді. Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполистегі туу көрсеткіші жоғары. Сәйкесінше, оқушылар саны да көп. Осы орайда, білім ордаларының құрылысы да қарқын алған. Мәселен, қазіргі уақытта қаладағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.

Атқарылған жұмыстар жайымен шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі танысып шықты. Айта кету керек, Сайрам шағынауданында орналасқан білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған еді. 2021-2022 оқу жылында №65 мектепте 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады. Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруге арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр. Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы – 0,92 га. Құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды. Осы жылдың наурыз ауында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, қала әкімі Әйтенов № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыстың жұмыс барысымен де танысты. Құрылыс Ш.Қалдаяқов көшесінің бойында 1,2 гектардан астам аумақта жүргізілуде. 300 орындық жапсарлас ғимарат құрылысының бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Әрбірі 25 оқушыға шақталған 12 сынып болмақ. Сонымен бірге қосымша 33 жаңа жұмыс орны құрылады. Құрылысы наурыз айында басталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қала басшысы құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындалуын тиісті мамандарға тапсырды. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталса, қалаға қарасты екі мектептегі өзекті мәселелер шешімін табады.