АЗАМАТТАР ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚАТЫСТЫ САУАЛДАРЫНА ЖАУАП АЛДЫ
Баспана мәселесі бүгінде күн тәртібіндегі ең өзекті түйткіл болып отыр. Баға күн сайын құбылған уақытта баршаның бірдей үйлі болуы мүмкін емесі бесенеден белгілі. Десе де мемлекет тарапынан тиімді бағдарламалардың қабылданып жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Өз кезегінде, өңірлерде де аталған мәселені түбегейлі шешпесе де, көпке қолдау боларлық бастамалар жіті бақыланып, жұмыстар атқарылып келе жатыр.
Мәселен, Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі 83 отбасы жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз тобына 55 арендалық пәтер қолданысқа табысталса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 13, көпбалалы отбасыларға 15 пәтер қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, былтырдан өтпелі болған 164 пәтермен ағымдағы жылдың басында кезектегі азаматтар қамтылған болатын. Айта кету керек, бұл тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз берілуде.
Ағымдағы жылы азаматтардың пайдалануына жалпы 1605 пәтер табыстау жоспарланған. Oның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 54, көпбалалы отбасыларға – 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына – 218, жұмыс істейтін жастарға – 857. Бүгінде 1605 пәтердің 83-і түрлі санаттар бойынша ел игілігіне табысталды. Қалған жалдамалы баспаналар жоспарға сәйкес жыл соңына дейін кезең-кезеңімен берілмек. Осы және өзге де атқарылған жұмыстар жайын тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева азаматтарды қабылдау барысында айтып өтті.
Жалпы басқарма басшысы 40-қа жуық тұрғынды баспана мәселесіне қатысты қабылдап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қабылдауда болғандардың қатарында кезекке тіркелген көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, сондай-ақ зейнеткерлер бар. Қабылдауда тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға жалдамалы баспаналар кезек реті бойынша берілетіндігі де айтылды.