ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласындағы өзекті мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылыммен қамту. Мәселен, Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағынауданында сапалы электр жарығы түйткілді түйінге айналып отыр. Десе де қалалық әкімдік тарапынан жұмыстар атқарылып жатқан жоқ деуден аулақпыз.

Өңірде бүгінде сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырағы, бағаналар орнатылып, электр желілері тартылуда. Аталған жұмыстар 2021 жылы басталып, бүгінде құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы аяқталған. Атап айтқанда 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 2 шақырым электр желілері тартылды. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша, сапалы жарықпен қамту тамыз айында толық пайдалануға беріледі. Бұл – жыл соңына дейін 653 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады деген сөз.
Сонымен қатар Нұртас шағынауданын табиғи газбен қамту жұмыстары қатар атқарылуда. Газ жүйелерінің жалпы ұзындығы 15,7 шақырымды құраса, бүгінде оның 75 пайызы орнатылды. Жұмыс қарқыны жоғары. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар жайы ұдайы бақыланып келеді. Бұдан бөлек, биыл Нұртастағы Тасанбаев және Хан тәңірі көшелері жарықтандырылады. Аталған жұмыстар толығымен аяқталса, өңірдегі тұрғындардың мазасын алған мәселелер толығымен шешілмек.