Елімізде БЕНЗИН МЕН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ҚАНШАҒА ҚЫМБАТТАҒАН?

Energyprom.kz сарапшылары елімізде бір жыл ішінде бензин мен дизель отыны қаншаға қымбаттағанын анықтады. Көпті қуантарлық нәтиже болды деуге келмейді. Мамандардың дерегінше, бензин үшінші жыл қатарынан қымбаттап бара жатыр. Мәселен, биыл мамыр айының қорытындысы бойынша баға 4,7 пайызға өскен. Ал дизель отыны 41,5 пайызға бір-ақ қымбаттаған.

Жасыратыны жоқ, мұның көптің қалтасына оңай тиіп жатпағаны белгілі. Мұнай өндіруші елде бағаның бұлай құбылуы көптің көкейінде сан түрлі сауал тудырып келе жатқаны да жасырын емес. Дәл осы тұста жанар-жағармайдың жекелеген түрлеріне тоқталайық. Жазғы дизель отыны бір жыл ішінде 24,6 пайызға, АИ-98 бензині 9,6 пайызға, АИ-95/96 9,1 пайызға, АИ-92 2 пайызға қымбаттаған. АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы орташа бағасы биыл мамырда литріне 178 теңге, АИ-95/96 — литріне 210 теңге, АИ-98 — литріне 232 теңге, ал жазғы дизель отыны литріне 234 теңгеден сатылған. АИ-92 маркалы бензиннің ең жоғары бағасы Петропавлда болып отыр. Онда жанар-жағармай литріне 182 теңгеден сатылған. АИ-95/96 бағасы Алматыда жоғары. Литрі – 215 теңге. Ал АИ-98 Қостанайда литріне 238 теңгеге дейін қымбаттаған. Сәйкесінше, Атырауда баға біршама арзан. АИ-92 — литріне 168 теңге, АИ-95/96 — литріне 201 теңге, АИ-98 — литріне 227 теңге. Жазғы дизель отыны Қостанай мен Петропавлда қымбатырақ болса, ал Шымкентте керісінше арзан. Айырмасы 35 теңгені құрайды.
Осы тұста әлемдік ахуалға назар аударайық. Ол үшін GlobalPetrolPrices.com деректеріне сүйенеміз. Зерттеудің қорытындысы бойынша, Қазақстан бензин бағасы арзан елдердің қатарына кіреді. Ағымдағы жылдың 6 маусымындағы деректерге қарайтын болсақ, еліміз бензин бағасы бойынша әлемде 170 елдің ішінде 11-орынды иеленеді. Орташа есеппен литріне 0,48 доллардан сатылып жатыр. Ал дизель отыны бойынша 169 елдің ішінде 16-орынға тұрақтаған. Литрі – 0,55 доллар.
Мамандар елімізде бензин мен дизель отынының өндірісі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-сәуірінде мотор отынын өндіру 1,6 миллион тонна болған, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артық. Ал дизель отынының өндірісі ағымдағы жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында 1,7 миллион тоннаға жетіп, екінші жыл қатарынан өсімді көрсетіп отыр. Яғни былтырғы көрсеткіштен 8,4 пайызға көп.
Жалпы елімізде мұнай өнімдері тапшылығының алдын алу үшін автомобильмен бензинді, дизель отынын, сонымен қатар басқа да мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін шекарадан шығаруға тыйым салынған. Энергетика министрлігі 2022 жылдың аяғына дейін Қазақстан аумағынан мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салуды ұзартуды жоспарлап отыр. Дизель отынының импорты бір жылда 15,3 пайызға, биыл бірінші тоқсанда 23 мың тоннаға дейін қысқарған. Экспорт бірден 6 есе, 17,6 мың тоннаға дейін төмендеді. Ішкі нарықта 2022 жылдың қаңтар-наурызда 1,2 миллион тонна дизель отыны сатылды — бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға артық. Яғни ішкі нарық өсіп жатыр. Соған сәйкес, өндіріс те артқан. Дегенмен аталған мұнай өнімдеріне деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан бағаның өсуі қалыпты құбылыс. Әйткенмен басты мәселе халықтың сатып алу қабілетінде жатыр. Жалпылама алғанда экономика үшін пайдалы болар, десе де күнін ескі көлікпен адам тасып, нәпақасын табумен өткізіп жүрген қарапайым тұрғындарға мұның оңайға тимесі бесенеден белгілі…