ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ШЫМКЕНТКЕ 130 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өткен болатын. Аталған жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты. Онда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өңірлерге тартылған инвестиция туралы баяндады. Әуелі ол негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрағанын атап өтті.

 

Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өскен. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалып отыр.
Ағымдағы жылдың 5 айында үшінші мегаполис экономикасына 130,9 млрд теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6 пайызға артқан. 2021 жылдың қаңтары мен мамыры аралығындағы көрсеткіш 96,9 млрд теңгені құраған болатын. Биылғы көрсеткішпен қала еліміз бойынша инвестиция тартудан көш бастады. Шымкентте 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңгеге 296 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр. Сондай-ақ жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады. Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.
Бұдан бөлек, қала әкімдігі жанынан инвестиция тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Оның негізгі мақсаты — инвестициялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімінің өзі инвестициялық жобалар бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма беріп, қадағалап отырады. Нақты атқарылған істің арқасында 4 өнеркәсіп аймағында 294 млрд теңгеден астам қаржыға 191 инвестициялық жоба жүзеге асып, 11 мыңнан аса жұмыс орны құрылуда. Оның ішінде қазір 161,8 млрд теңгеге 8,1 мыңға жұмыс орнымен 128 жоба жүзеге асты. Міне, осылайша үшінші мегаполис атқарылған жемісті жұмыстың арқасында инвестиция тарту бойынша еліміздегі өңірлердің арасында көш бастады.