ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛДЕ САУДАЛАНУДА
Еліміздегі жалпы жылыжайлардың басым бөлігі оңтүстікте орналасқан. Климаты қолайлы аймақ болғандықтан, көкөніс пен жеміс тез арада тамыр алып, өсіп-өнеді. Бүгінде аталған сала Шымкентте де жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Мәселен, үшінші мегаполисте қазіргі уақытта 204 га құрайтын 113 жылыжай кешені бар.
Оның ішінде аумағы 71 га құрайтын 23 өнеркәсіптік жылыжайда ауылшаруашылық өнімдері өсіріліп жатыр. Бұл жылыжайларда жылына 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдер ішкі нарықтан бөлек, көрші елдерге де экспорт жасалып жатыр. Бүгінде қала тұрғындарына жаңа піскен көкөніс жеткізіп отырған кешеннің бірі – Бозарық тұрғын алабында орналасқан «Зауре» жылыжайы. Аумағы 3 гектарлы өндірістік жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылған еді.
Жылыжай «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» және тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қолдау алғаннан кейін көкөніс өндіру ісі өркендеді. Кешен түрік ағайынның алдыңғы қатарлы технологиясымен жабдықталған. Жылына 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Агрокешен 30-дан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда қызанақтың органза, мэрлис және тарелино түрлері өсіріліп жатыр. Өнімдер қала нарығы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне саудаланады.