ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА 500 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРАЛЫП ОТЫР

Биыл Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Аталған сертификат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.

Тұрғын үй сертификатының сомасы бір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайтын біріңғай мөлшерде айқындалған. Оны мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілері ала алады.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын, соңғы 6 ай ішінде орташа табысы болған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары бұл аталғандарға қосылмайды. Айта кету керек, бүгінде аталған әлеуметтік көмек бойынша жұмыс жүріп жатыр. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталмады. Десе де алдын ала ақпараттандыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланады.