ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫҢ МЫҚТЫ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУ
Өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өткен болатын. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қатысты. Басқосуда қала әкімі жастардың өзекті мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстың басым бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
Кездесу барысында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысын баяндады. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева жастарды жұмыспен қамту, «NEET санатындағы жастар туралы» тұжырымдаманың іске асырылуы бойынша айтып өтті. Сонымен қатар ол 2021-2022 оқу жылында оқушыларды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлықтың алдын алу бойынша біраз деректер келтірді . «Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеді. Соған қарамастан жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлық мәселелері өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан барлық мүдделі органдарды бірлесе отырып алдын алу жұмыстарын күшейтуге шақырамын» деді ол өз сөзінде.
Кеңес отырысы барысында сөз алған қала әкімі жастар саясатына қатысты маңызды да өзекті бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ «Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан жастарды жан-жақты қолдап, өзекті мәселелерін шешіп отыру — біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Әсіресе, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық және нашақорлықтың алдын алу, жастарды жұмыспен қамту іс-шараларын жетілдіруді, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды күшейте түсу керек» деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы. Жиын қорытындысына сәйкес, қала әкім жастармен айына бір рет кездесіп отыратын болып шешім қабылданды. Шымкентте 4 ауданның жастары 4 блогқа бөлініп, олармен «Жастар ресурстық орталығында» тұрақты кездесулер өтеді.