ҚАЛА ӘКІМІ «БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

Газетіміздің алдыңғы сандарында «Бақытты жанұя» орталығы турасында жазған едік. Талай көпбалалы ананың кәсіп үйреніп, нәсібін табуына мұрындық болып отырған мекемеге енді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов табан тіреді. Әлеуметтік қолдау мекемелерін аралаған шаһар басшысы аталған орталыққа келіп, жұмыс барысымен танысты.

Жалпы «Бақытты жанұя» орталығы жұмысының негізгі мақсаты — аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға жаң-жақты қолдау көрсету. Бұл жерде әйелдерге арналған түрлі бағыттар бойынша оқу курстары бар. Орталық қызметіне жүгінушілер тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр сынды кәсіп түрлерін меңгере алады. Дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналар тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар үйренеді.
Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу көмектерін ұсынады. Жыл басынан бері орталық мамандары 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетіп, психологиялық, құқықтық кеңес берген. Қала әкімі орталықтың маңызына тоқталып, жауапкершілігі жоғары екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар бастаманың табысты жүзеге асып жатқанын да алға тартты.