ҒАЖАЙЫБЫ МОЛ АҢЫЗ, БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ

Баба Түкті Шашты Әзіз туралы естімеген  жан кемде-кем шығар. Ол жөнінде ел арасында түрлі-түрлі аңыз көп. Бірақ нақты дерек жоқ. Сондықтан да шығар кейбіреулер ойдан шығарылған мифологиялық кейіпкер деп те пікір айтқан. Десек те Баба Түкті Шашты Әзіз өмірде болған, айғақ-дерегі қалмаған тарихи тұлға деп есептейміз. Себебі қазақ әдеби фольклорында батыр, палуан секілді мықты адамдардың өзін аңыз қып айта берген соң әрине ертегі кейіпкеріндей болып кеткені әмбеге аян. Өйткені өмірден өткен айрықша адамдарды ерекше суреттеп айту ауыз әдебиетінің жазылмаған заңдылығына әлдеқашан айналған. 

Баба Түкті Шашты Әзіз жөнінде ол ерекше алып күш иесі болған. Қысы-жазы жалаң-аяқ жүре берген. Ел басына күн туғанда халқының қорғанына айналған. Күдердің-күнінде ислам дінін күштеп ендіргісі келгендерге жергілікті тұрғындарға шабуыл жасайды. Сонда Баба Түкті Шашты Әзіз бастаған топ шабуылдаушылармен үш рет соғысып, үшеуінде де жеңеді. Ақыр соңында дін таратушылармыз деген тарап ақылдаса келе, Баба Түкті Шашты Әзізбен кездеседі. Сөйтіп оған ислам дінінің ақиқат екенін түсіндіреді. Ал Баба Түкті Шашты Әзіз болса бүгінгі Бәйдібек ауданындағы Үсіктастың етегіне халқын жинап, сонда дінді түсіндіріп, тұрғындардың ислам дінін қабылдауына себепші болады деген аңыз бар.

Тағы бір аңызда да YII-YIII ғасырдарда қазақ даласына дінді күшпен енгізгісі келген әскерлар соғыста жеңіледі. Сөйтіп халыққа ислам дінінің ақиқат екенін түсіндіру үшін жүз нар сексеуіл мен басқа да сүйекті отынды жинатып, оның ортасына Баба Түкті Шашы Әзіздің қолына құран кітап ұстатып, жиналған ағашқа от қойып жібереді. Лапылдап жанған отын әудем уақытта күлге айналғанда ортасында Баба Түкті Шашты Әзіздің аман-есен құран кітап оқып отырғанын жұрт көреді. Қысқасы, осылай-осылай айтылатын түрлі аңыздардан белгілісі, Баба Түкті Шашты Әзіздің жергілікті халықтың дінге сенуіне еңбек сіңірген тұлға болғаны.

Дегенмен ел арасында Баба Түкті Шашты Әзіздің арғы тегін әр жақтан ағытқысы келетіндер бар. Мысалы, біреулер әулиені түпкі тегін арабқа апарып телісе, енді бірі Шашты Әзізді Едіге батырдың ұрпағы санайды.

Ал Баба Түкті Шашты Әзіздің кесенесін алғаш кімнің құрғаны беймәлім. Бірақ ауыз әдебиетінен тараған аңызға сенсек, ертеде Байбөрі деген бай бопты, бір перзентке зар бопты. Сол әйелі Аналық екеуі әулиеден әулие қоймай аралап, тәу етіп келе жатады. Үйлерінен ұзап шыққанына тоқсан күн болғанда алыстап жылтылдап көл көрінеді. Олар көлге келіп, қасындағы бұлаққа тоқтайды. Сол арада дәретін алып, намазын оқып түнейді. Сонда түсінде Баба Түкті Шашты Әзіз аян беріпті деген әңгіме бар. Бұл жөнінде:

…Әне-міне дегенше,

Сарғайып келіп таң атты,

Сол уақыттар болғанда,

Сырлы аса қолында,

Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,

Өзі ақтың жолында,

Бір диуана келді де,

Асамен түртіп оятты.

Менің атым — Шашты Әзіз,

Қыламын десең ықылас,

Ей бейшара көзіңді аш,

Ұлыңның аты – Алпамыс,

Қызыңның аты – Қарлығаш,

Атса, мылтық өтпейді,

Шапса, қылыш кеспейді,

Қалмақтармен болар қас,

Түрегел де қолды жай,

Болады өзі өмір жай» — деп бата берген деген аңыз да бізге жеткен. Байбөрі осы аяннан соң оянып, сондағы шағын ғана қоршаумен тұрған мазаратта Баба Түкті Шашты Әзіздің жатқанын біліп, сол маңдағы тастарды жиып әкеп қалап, кесене тұрғызған деседі.

Ал енді журналист Биболат Рабатовтың 2019 жылдың тамыз айында «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарияланған мына деректерін назарларыңызға сол күйі ұсынсақ. Биболат Рабатов Баба Түкті Шашты Әзіз Бабаның кесененің шырақшысы Майра Асанбаевамен кездесіп әңгімелеседі. Сонда Шашты Әзіз туралы сөйлесе келе, Майра Асанбаева белі жіппен байлаған көптеген құжаттарын береді. Ол құжаттар 1996 жылы бабаның кесенесін қайта қалау үстінде, дуалға қоса қаланған қобдишаның ішінен шыққан. Сол қағаздарды Құмкент елді мекенінің тұрғыны Шора Арынбеков ескіше сауаты бар ауыл ақсақалдарына көрсетіп, аударма жасап, әлгі қобдишаны қайта қалап жіберген. Бұл істе көріпкел тәуіп Тиішбала Әлиева деген келіншектің Шораға көп пайдасы тиіпті. Қобдишаның ішінен шыққан қағаздағы жазбаларды аударғанда ол былай сөйлейді екен:

І дерек

1133 жылы Баба Түкті  Шашты Әзіз бабаның кесенесін қалаушылардың мекенжайы – Қарнақ ауылы. Бабаның ғимарат жасау жайын ұйымдастырушы – жергілікті Жылыбұлақ болысының баласы, Шалдар руынан шыққан Бостан. Балан Карим екеуміз малды қаражат жинау арқылы дайындық жасадық. Қышты тасып жеткізу жергілікті халықтың мойнында болды. Құрылыс жұмысын басқарған Бостан інісі Исатайұлы көмекшілік қызмет еткен. Осы жұмысқа басшылық етуші – Хангелдіұлы Тутамғалы руынан, Бестерекұлы Әмірсейіт, Шалдар руынан Ботакенұлы Жанболат, Шалабайұлы Арғын руынан. Қышты дайындауға 8 ай уақыт кетті. Жергілікті ру басшыларын басқаруды Хижраның 1133 жылы жаз айында бастадық. Ғимаратты бастау, қалау жұмыстарын Карим екеуміз ғана жүргіздік. Келген мекенжайымыз Түркістан уалаяты, Сырдария өлкесі, Хижраның 1133 жылы Мизан айында күмбездің біршама жері бітпей қалды. Амалсыз кетуге мәжбүр болдық.

Аманат қалдырушы – Қожа Айтқожа. 1133 жыл.

ІІ дерек

1925 жылы 29 июнь күні Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі қайта күрделі жөндеуден өткенде күзетшілер Темірбек Түймкенттік, Арынбек, Қауынбек, Жолан Қалқаманұлы ғимаратты түзету үшін Шаян тарапынан Қадірбаба, Қожабаба Түктінің шырақшысы Амантай Оспанқожа, сәулетші Әлмұхамед Сапарұлы қатысты. Қол қойып, келер ұрпаққа із қалдырушылар Болтай Арғынбайұлы, Жолан Қалқаманұлы, Әлі Оспанбай Байпатшаұлы қол қойып келер ұрпаққа із қалдырған. 1925 жылы. 29-июнь.

Ал бергі жақтағы деректерде Шашты Әзіз бабаның кесенесін Серікжан Сейітжанов, Нұрсадық Нұрлыбаев, Бақберген Мәуленов, Ынтымақ Шерәлиевтер әр кезеңдерде жөндеп отырған. Мұнан кейін Болат Айдарбеков кесене айналасын қоршату, жол салу жұмыстарының жүзеге асуына сеп болса, Талғат Баймаханов кесенеге бес шақырым жерден электр жарығын тартып берген.

Төлебай ҚАРАМЕНОВ.