ХАЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізілген жалпыұлттық референдумның қорытындысы шықты.

Ел дамуының кемел келешегі үшін жасалған игі бастамаға отандастарымыз толық қолдау білдіріп, маңызды саяси шараның жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысты. Конституцияға түзетулер енгізуге қолдау көрсеткендердің 76,7 пайызға жетуі осының дәлелі болса керек.

AMANAT партиясы ел президенті бастаған саяси реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, республикалық және аймақтық штабтар құрып, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары  ел аралап, Конституцияға енетін өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде кездесулер өткізді. Шымкент қаласының өзінде партия филиалының ұйымдастыруымен бір айға жуық уақытта  елді мекендерде, ұжымдарда және өндіріс орындарында 350-ден астам еркін форматта кездесулер өткізіліп, 50 мыңнан астам тұрғынға насихат жұмыстары жүргізілді. Себебі Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз деп білеміз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қаламыздағы сайлау құқығына ие азаматтардың 72 пайызы референдумға қатысты. Сонымен қатар еліміздегі барлық дауыс беру орындарында AMANAT партиясының 28 мыңға жуық өкілі дауыс беру барысында келеңсіздіктер болмауын, заң талаптарының бұзылмауын қадағалап отырды. Бұл халықтың, елдің партия мүшелеріне деген сенімін білдіреді.

Ендігі міндет – халық сенімі мен аманатын ақтай отырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуы жолында жаңару мен жаңғырту бағытындағы жұмыстарды белсенді жүргізу. Бір ғана нәрсені естен шығармауымыз керек, жаңа Қазақстанның құрылуы мен іргесінің бекуіне әрбір қазақстандық үлес қосуы тиіс. Мемлекет басшысы айтқан әділетті жүйені, әділ қоғамды, дамыған ел мен гүлденген экономиканы құру – баршамыздың желкемізге артылған жауапкершілік. Бүгінгідей бәсеке заманында бірлігі бекем елдің ғана көші көрікті, бағыты түзу болатыны белгілі. Сондықтан мемлекетіміздің кемел келешегі жолында бірлесе отырып, биіктерді бағындыруға шақырамын. Тарихы тереңнен бастау алатын, ұлттық рухы мықты ел екенімізді әлем білетін уақыт жетті. Енді тек қоғам болып қуатты Қазақстанды құру ғана қалды. Егемендігіміз мәңгі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

Лазиз СУЛАЙМАНОВ,

Шымкент қаласы, мәслихатының депутаты,

AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.