ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДА ҚҰРҒАҚ УӘДЕ, БОС СӨЗ БОЛМАЙДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 маусымда өткізілген жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша үндеу жасағаны белгілі. Президент референдумда дауыс беруге қатысқан 8 миллионнан астам халықтың басым көпшілігі Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынысты қолдайтындарын, осылайша мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді. Референдум жоғары деңгейде өткізілгенін, мұны халықаралық және отандық байқаушылар да анық байқағанын атап өтті. Мемлекет басшысы енді елімізде әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұрғанын айтты.
Алдағы уақытта елімізде халықтың тұрмыс сапасы арта түседі. Бұл үшін жоғары өнімді ауылшаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесінің даму қарқыны артпақ. Мемлекеттік аппарат жұмысында бюрократия жойылып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы салтанат құрады. Мемлекеттік аппарат бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және халықпен біте қайнасқан жұмысты жолға қояды. Және халыққа есеп беру есеп үшін емес, ашық әрі шынайы болады. Шағын ғана топтың еліміздің ен байлығын өзінің мүлкіндей пайдалануына мүмкіндік берген заң нормасы қайта қаралады. Елден шығарылып, шетел асқан қаржыны мемлекетке қайтару операциясы басталады.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде осы және өзге де басымдықтарды жүзеге асыру жолында құрғақ уәде, бос сөзге жол берілмейтінін қадап айтты. Өз кезегінде, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Қазақстанға қадам басуға апаратын бастапқы баспалдақ – жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, оған қолдау білдірген халыққа зор ризашылығын білдірді. Одан өзге Конституциялық өзгерістердің мән-маңызын жергілікті тұрғындарға ұғынықты тілде түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты.
Өздеріңізге белгілі, AMANAT партиясы референдумды халыққа түсіндіру жұмысына бірінші күннен бастап кірісті. Осы ретте партия жанынан референдумды қолдау жөніндегі штаб құрылды. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясының мүшесі ретінде менде сол штаб құрамында болып, тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарына қатыстым. Азаматтармен кездесу кезінде біз тек референдумның саяси салмағын түсіндіріп қана қоймай, халықтың жаңа Қазақстанды құруда қандай өзгерісті күтетіні туралы талап-тілектерін тыңдап, олардың үнін партия филиалына жолдадық.
Референдумның алдын ала қорытындысы жарияланған уақыттан бастап-ақ мегаполистер ішінде Шымкент қаласының тұрғындарының дауыс беруге белсене қатысқаны белгілі болып отыр. Бұл қала тұрғындарының жауапкершілігін арттыруда төккен тер мен еткен еңбектің жемісті болғанын білдіреді.
Айжан НАИМБЕКОВА,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.