ТҮРКІСТАННЫҢ КЛИМАТЫ ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласына келуші туристер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алғашында еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, жаңарған, түлеген тарихи қаланы тамашаласа, бүгінде келушілердің қатарында алыс-жақын шетелдердің азаматтары да бар. Десе де Түркістанның климаты баршаға бірдей қолайлы емес. Жазы ұзақ, климаты құрғақ. Сондықтан өңірде экологияны жақсарту мен жасыл алқап аумағын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар істеліп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Қала климаты осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір жақсарған.

Түркістан топырағының 70 пайызға жуығы жарамсыз. Яғни отырғызылған көшеттің көгеріп, үлкен ағаш болуы өте қиын. Күтіп-бапталмаса, қурап кететіні де белгілі. Сондықтан тиісті сала мамандары өңірдің климатына шыдамды ағаштарды егуді қолға алған. Мамандардың сөзінше, Түркістан маңына егілген көшеттердің жерсінуі өзге өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Атап айтсақ, басқа аймақтарда егілген көшеттердің 70 пайызы тамыр алып, өсіп кетсе, тарихи қала маңында 50 пайыз төңірегінде. Әйткенмен жүйелі жұмыстардың арқасында облыс орталығы аумағында саябақтар мен аллеялардың аумағы 450 га жеткізіліп, арық-атыздар қалпына келтірілген. Түркістан қаласының микроклиматын жақсартып, ылғалдану деңгейін жоғарылату бағытында ескек есу каналы, Шаға жасанды көлі, Кеңсай-Қосқорған 2 су қоймасы мен Қосқорған су қоймасы жаңғыртылған.
Бұдан бөлек, қала маңында «жасыл белдеу» аумағы да уақыт өткен сайын артып келеді. Облыстық «Жасыл аймақ» КММ директоры Әбутәліп Құламетовтың сөзіне сенсек, жазғы белдеудің жалпы көлемі 14 мың га жетіп отыр. Мұның өзі алдағы 2-3 жылдың айналасында экологияның жақсаруына септігін тигізбек. Қазіргі уақытта орман алқаптарының кеңеюіне барынша көңіл бөлінуде. Бүгінде жаңа әуежай жолының бойындағы 268 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылған. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 пайызы ұңғымалар, 25 пайызы каналдар, 12 пайызы сорғылар арқылы суарылуда. Мондай-ақ Жетікөл (бұрынғы Шошқакөл) көлдер жүйесін жаңғырту арқылы 43 шақырым бөгет салынған. Нәтижесінде су көлемі анағұрлым молайған. Тиісінше, фаунасы да өзгеріп, ылғал көбейіп, ауа сапасына оң әсер еткен.