ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласында табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл өткен сайын жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мәселен, былтыр 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Атап айтқанда, Бадам-195 орам, Достық, Азат, Асар-2 елді мекендері мен Тассай шағынауданының тұрғындары бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Бұдан бөлек, өткен жылы 3 магистралды газ құбырының құрылысы жүргізілді. Аталған жұмыстарға мемлекеттік бюджет есебінен 6 миллиард 100 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде жыл соңында Шымкент тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Қуаттылығы – 250 мың текше метр. Маңызды нысан қаладағы газ тапшылығы мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Үшінші мегаполисте билы тағы 2 магистралды газ құбыры тартылады. 10 елді мекенге ішкі желілер жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 8 елді мекенде құрылыс аяқталады деп күтілуде. Олар – Тұран, Көкбұлақ, Ақтас 1-2, Батыс, Қайнарбұлақ, Сәуле (276 орам), Ақжар, Арғымақ, Нұртас, Солтүстік саяжай және Тассай елді мекендері. Жоспар жүзеге асса, 20 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Қамту көрсеткіші де 94,7 пайыздан аспақ. Айта кету керек, қазіргі уақытта өткен жылы ішкі жүйелердің құрылысы аяқталған елді мекендерде тұрғындармен техникалық шарт жасау және оларды газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы Шымкент қаласын толық табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі.