РЕФЕРЕНДУМ – РЕФОРМАЛАР ЖАЛҒАСЫ
Мемлекет басшысы бастамашы болған Конституциялық реформаларда Парламент депутаттарының өкілеттігін күшейтуге ерекше мән берілген. Мысалы, қазір Парламент қандай да бір облыстың немесе ауданның бюджетін тексере алмайды. Ал өңірлерге үлкен көлемде республикалық қаражат бөлінеді. Ел бюджетін бекітетін Парламент үшін бұл қаржының не үшін жұмсалып жатқанын білу маңызды.
Қазақстандықтар Конституцияға түзетулерді қабылдаған жағдайда депутаттардың бюджет қаражатының шығыстарын бақылау мүмкіндігі пайда болады. Осылайша, Есеп комитеті мен барлық тексеру комиссияларын жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп беретін Аудиторлық палатаға біріктіру ұсынылады. Яғни Мәжіліс республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерді бақылай алады.
Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың өзі аралас мажоритарлық-пропорционалдық модель бойынша өтетін болады. Яғни егер бұрын кандидаттар партиялық тізімдер бойынша өтетін болса, енді реформалар қабылданғаннан кейін депутаттардың бір бөлігі бір мандатты округтерден сайланады. Оларға қарапайым азаматтар дауыс береді, ал депутаттыққа кандидаттар өзін-өзі ұсынады. Бұдан басқа, егер азаматтар олардың жұмысына қанағаттанбаса, қазақстандықтар бір мандатты депутаттарды депутаттықтан кері қайтарып ала алады. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
Бұл түзетулер ілгерілемелі сипатта болады, сондықтан алдағы 5 маусымдағы референдумда сол үшін дауыс беруіміз керек.
Талғат Балабиев,
Кентау қалалық
мәслихатының
хатшысы,
AMANAT партиясының
мүшесі.
Тапсырыс беруші: қаржы өз есебінен төленді.