ЖЕТІКӨЛ ЭКОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Қоршаған ортаны қорғау мәселесі соңғы уақытта әлемдік ауқымды мәселеге айналып келеді. Өзендердің суалуы, жердің құнарсыздануы, ауаның ластануы сынды түйткілдер жаһан жұртшылығын әбігерге салып отыр. Сондықтан дамыған алпауыт елдерден бастап экологияға айрықша назар аударуда. Сөз жоқ, елімізде де аталған салада ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Жарқын мысалы ретінде Түркістан облысында атқарылып жатқан шаруаларды айтуға болады. Тарқатайық…

Жемісті жұмыстың арқасында Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Жетікөл көлдер жүйесіндегі құстар мен балықтардың саны артқан. Күні бүгінде аталған көлді құстың 200-ден астам түрі мекен етеді. Көбеюінің басты себебі ретінде су көлемінің айтарлықтай молайғанын айтуға болады. Оң нәтижеге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен әрі қолдауымен, ғалымдар мен осы салаға жауапты азаматтардың еңбегі арқылы қол жетіп отыр. Атқарылған жұмыстар жайын экологтар мен табиғат жанашырлары да жоғары бағалауда. Өңір басшысы Жетікөл мен «Кеңсай-Қосқарған-2» су реттегіштеріне арнайы барып, жұмысымен танысты.
Түркістан облысында су қоймалар салу, ағын суды молайту, көлдерді қалпына келтіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанына үш жылдың жүзі болды. Облыс орталығына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, облыс басшылығы, ел ақсақалдары, тиісті сала мамандары мен ғалымдардың кеңесімен 248,8 млн текше метр ағын су жеткізу жолы табылған. Сол ауқымды бастаманың бірі — «Кеңсай-Қосқарған-2» су реттегіші. Жоба құрылысы 2021 жылы аяқталған. Жоба аясында 30 млн текше метрден астам ағын су жеткізіледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 14 млн текше метр су жиналып үлгерген.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су реттегіштің маңында Кентау қаласы мен қала маңындағы ауылдардың тұрғындарымен, шаруалармен кездесті. Тұрғындар су мәселесін шешудегі өңір басшысының еңбегін жоғары бағалап, алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта аталған су қойма тек ауыл шаруашылығы ғана емес, туризм үшін де пайдаға асырылмақ. Атап айтқанда, су спортын дамытуға де серпін береді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы маңындағы су нысандарын әуеден бақылаған облыс әкімі Отырар ауданындағы Жетікөлге барып, табиғат жанашырлары мен инспекторлармен, аңшылармен кездесті.
«Ағын суды молайту, тиімді пайдалану бағытында аса маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасының құрылысы арқылы 34 шақырымға бөгет жасалынып, көлге 370 млн м3 су тасталды. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болды. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, құстар мен балықтардың көбеюіне жағдай жасау қажет. Браконьерлермен күрес күшейтілсін. Екінші кезекте аңшылық туризмін заман талабына сай дамытқан жөн. Осы көлдер жүйесінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кәсіпкерлерге су көзін орынсыз әрі тиімсіз пайдалануға жол берілмейді. Аңшылық туризмін дамыту үшін келушілерге тиімді жағдай жасап, ақпараттандыру мәселесін де қолға алыңыздар. Ең басты міндет – табиғат пен суда тіршілік ететін құстарды, балықтарды қорғау. Жасыл алқаптарды көбейту. Екіншіден, аңшылық туризмін заң талабына сай дамыту да маңызды» деді Өмірзақ Шөкеев. Жиын барысында өңір басшысы табиғат жанашырларының пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Аталған аумақтың инфрақұрылымын жақсартуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Мамандардың сөзінше, Жетікөлде су молайған соң құстар мен балықтар саны артқан. Олардың көбею маусымында аңшылықпен айналысуға жол берілмейді. Облыс әкімі мен табиғат жанашырлары және БАҚ өкілдері Жетікөл жүйесіндегі көлді қайықпен аралап шықты. Жалпы Жетікөл көлдер жүйесінің аумағы шамамен 52 мың гектардан асады. Алқапта бірнеше табиғи көл орналасқан. Аймақта құстар, балықтармен қатар жабайы аңдар да кездеседі. Жетікөлде жалпы аумағы 20 мың гектарға жуық 3 аңшылық алқабы, балық шаруашылығын жүргізу орындары бар. Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының аңшылары мен балықшыларының сүйікті орнына айналған. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасы бекітілген. Облыс әкімінің бастамасымен «Кеңсай-Қосқорған-2» және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аяқталған.
«Жетікөлге 500 млн текше метрге дейін су сияды. Егер толық көлемде толатын болса, су буланып, ылғал көбейіп, Отырар ауданы ғана емес, Түркістанның экологиялық жағдайы жақсарады. Өңір басшысы Жетікөлді басқарманың бақылауына алып, табиғатты қорғауды тапсырды. Бүгінде инспекторлар рейдтерге шығып, браконьерлерге қарсы күресті күшейтіп жатыр. Алдағы уақытта Жетікөл – экологиялық туризм орталығына айналып, өңірдің туристік әлеуеті арта түседі. Сонымен бірге осы су жүйесі арқылы Түркістандағы жасыл белдеудің жағдайы да жақсарады» — дейді басқарма басшысы. Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан қаласы маңында ағын су мәселесі шешіліп, жасыл алқап аумағы кеңейген соң ауа да тазарған. Жол картасына сәйкес бүгінде облыс аумағында абаттандыру, көгалдандыру және газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.