ЖАСТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕТІН ЖАҢА БАСТАМА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ
Тұрғын үй – жастардың негізгі мәселесі. Жасыратыны жоқ, ипотекалық бағдарламаларды көптің бірдей қалтасы көтермейді. Ал жастарға бөлек жағдай жасалуы тиіс. Осы орайда, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жастарға жеңілдетілген ипотека бағдарламасын 2025 жылға дейін кеңейту жоспарланып жатқанын мәлімдеді.
Вице-премьер «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы бойынша тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламасы аясында жас отбасыларға квотаның 25 пайызын енгізу қарастырылғанын айтты. Сөзінше, 2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлесіп, «Отбасы банк» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы үш өңірде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте іске асырылып жатыр. 2019 жылы 7 мың жалдамалы тұрғын үй берілген. Ал 2025 жылға дейін 12 мың пәтер беру жоспарлануда.
«Жыл аяғына дейін жалдамалы тұрғын үй беру ережесіне жастар үшін ай сайынғы табысты растауға қойылатын талаптарды 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету бойынша өзгеріс енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін тұрғын үй алу мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Қазір «Отбасы банкінің» жинақ тұрғын үй депозиттерінде 25 жасқа дейінгі жастардың жалпы сомасы 250 миллиард теңгеден асатын 500 мыңнан аса депозиті ашылған» дейді Тоғжанов. Қош делік, аталған бағдарлама жүзеге асып, баспана таппай, табаннан тозып жүрген жастарға қолдау болса, құба-құп. Бізде әдетте ұранмен басталған бағдарламалардың арты сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Аталған бастама өзгелердің кебін кимейді деп сенейік…
Ж.БАЛАУСА.