ШЫМКЕНТТЕ 94 ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСЫ АШЫЛДЫ
Соңғы уақытта интернет алаяқтық фактілері жиіледі. Қарапайым тұрғындардың тиындап жиғанын үптеп кететін қулардың көбіне айыбы ашылмай жататыны жасырын емес. Десе де құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел іске кірісіп, кейбірінің жолын кесуде.
Мәселен, биыл құрылған арнайы жедел-тергеу тобы 94 интернет-алаяқтық қылмысты ашқан. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Арун-Рашидұлы қалалық Ақпараттық-коммуникациялық орталығында берген баспасөз брифингінде айтты.
«2022 жылы қаламызда тіркелген әрбір интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу және толыққанды тергеп-тексеру үшін Полиция департаментінде 4 аудандық Полиция басқармаларының қызметкерлерінен құралған арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Оған қалалық Полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жетекшілік ететін 8 тергеуші, 8 жедел уәкіл жұмылдырылған. Интернет-алаяқтық қылмыстары расында қазіргі қоғамымыздың ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр. Осы жылдың өзінде қала аумағында жалпы 3 378 қылмыс тіркелген. Оның 1321-і алаяқтық қылмыстар болса, 366-сы нақты интернет-алаяқтық қылмыстар» деді Арман Бейсенбаев.
Жақын арада аталған топтың қызметкерлерімен интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысты 1 тұлға құрықталған. Тексеру барысында одан басқа адамдарға тиесілі 46 банк карточкасы, 6 ұялы телефон және 20 сим-карта алынған. Тексеру барысында оның аталған банк карточкаларын құпия сөзімен өзгелерден сатып алғаны белгілі болған. Бұдан бөлек, өзінің сыйақысын алып қалып, қалған ақшаны алаяқтық әрекеттерінің ұйымдастырушысына жолдап отырған.
Қазіргі таңда 5 күдікті анықталып отыр. Оның екеуі Ресей Федерациясында құрықталып, экстрадициялануда, ал үш күдікті қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы олардың 20-ға жуық қылмысты жасағаны анықталған. Жиын барысында Арман Бейсенбаев қазіргі өзекті қылмыстарды да атап өтті. Нақтырағы, жалған абоненттік нөмірлерді емін-еркін пайдалану, интернет-алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі банк саласындағы операциялар, микроқаржылық ұйымдардың жұмысымен байланысты екенін айтты.
Сондай-ақ полковник қала тұрғындарын сақ болуға шақырды. Ескеретін жағдай, жеке құжаттарды ешкімге беруге болмайды. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған азаматтарға жеке деректерді айтпаған жөн. Себебі қоңырау шалған адам шын мәнінде алаяқ болуы әбден мүмкін.