МИРАСТАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Шымкент қаласындағы шағынаудандар мәселесі шешімін тауып келеді. Шырайлы шаһардағы өзекті де өткір мәселелердің дені шешімін тапқан. Десе де шалғайдағы ауылдардың инфрақұрылымында әлі де түйткілдер бар. Қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен өтетін есепті кездесуде әрбір азаматтың арыз-өтінішін тыңдап, тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, күні бүгінге дейін Еңбекші ауданына қарасты 8 мың тұрғыны бар Мирас шағынауданы ауыз су, электр жарығы, табиғи газ және сапалы интернетпен қамтылды.

Қазіргі уақытта Мираста 10 балабақша бар. Түтйкілді түйін – кәріз жүйесі. Ағымдағы жылы оның да құрылысы басталмақ. Бұл туралы қала басшысы Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтты. Жол мәселесіне келсек, 39 көшенің 16-сы асфальтталған, қалғанына шағал тас төселген. 2024 жылы – Шапағат, Гүлстан, Жаужұмыр, Жаушықұм, Жетітөбе, Алтынтау, Өтеген, Тұлпар, Желдіқара, Алтынайдар, Барсығанкөл көшелеріне, 2025 жылы – Дарын, Азаттық, Өркен, Әлем, Көкбұлақ, Маятас, Ескіөзен, Бүркіт, Алтын су, Қасқасу, Шоқтал, Өтегенбұлақ көшелеріне асфальт төселеді.
Екі көше жарықтандырылған. 2023-2025 жылдары 6 көшеге жарықшамдар қойыламақ. Олардың қатарында Жаңа жол, Дербес, Қасқасу, Азаттық, Өркен, Мәртөбе көшелері бар. Аталған мәселелер шешімін тапса, шағынаудандағы тұрғындарды мазалаған маңызды мәселелер толығымен шешілмек.